Қазақстандықтардың шетелге жіберетін қаржы көлемі 14 пайызға артты
|
2016 жылы Қазақстаннан шетелге жіберілген қаржы көлемі 382,2 млрд теңгеге жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға өсті. Бұл туралы ranking.kz сараптама агенттігі хабарлады.
Агенттік деректері бойынша, қаржының көлемі көбейгенімен, ақша аудару операцияларының саны 3,1 пайызға қысқарған. 2016 жылы бір аударымның орташа көлемі 178,9 мың теңге болған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 151,9 мың теңге еді.
Қаржы аудару әдістері жағынан бірінші орында “Золотая корона” жүйесі. Бұл жүйе арқылы Қазақстаннан шетелге аударылатын қаржының 39 пайызы жіберіледі. Екінші орындағы Western Union жүйесінің көмегімен былтыр шетелге 78,3 млрд теңге аударылған. Үшінші орында — Contact жүйесі. Осы арқылы Қазақстаннан басқа мемлекеттерге 77,9 млрд теңге жіберілген.
Агенттік 2017 жылдың басынан бері қазақстандықтар шетелге белсенді ақша жібере бастағанын жазады. 2017 жылдың қаңтарында Қазақстаннан шетелге 24,1 млрд теңге жіберген. Бұл 2016 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 19,2 пайызға артық. Осы жылдың басынан бері бір айдың ішінде тап осындай 147,4 мың транзакция болған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 27 пайызға көп.