Қазақстандықтар ауыл шаруашылық жерлерін 49 жылға жалға ала алады
Қазақстандықтар ауыл шаруашылық жерлерін 49 жылға жалға ала алады
4 жыл бұрын 1458 kazgazeta.kz

Қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға ала алады. Ал жерді жекеменшікке беру тағы 5 жылға тоқтатылады. Бүгін Мәжіліс жер қатынастарын дамытуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

«Ең бастысы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру заңмен бекітілді. Осы мәселеге қатысты қоғамда әр түрлі пікір, әртүрлі ой айтылды. Енді жерді жекеменшікке беру бес жылға тоқтатылады. Заң жобасы жеке мал жаюға қажет жайылым тапшылығын шешуге де ықпал етеді», – деді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин. 

Аталмыш заңға сәйкес, жерді пайдалануды бақылау функциясы әкімдіктерден қайтарылып алынады. Бұл құзіреттің барлығы ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілгелі жатыр. Мұндай өзгеріске облыс әкімдіктерінің жерге ие бола алмағаны себеп екен. Жеті жылда мыңдаған гектар алқап сатылған, тамыр-таныстарға заңсыз үлестірілген. Тек ауыл-аймақтағы ағайынның айқайынан кейін жер комиссиясы шешім шығарып, жерді пайдалану мен қорғау тәртібін арнайы қағидамен бекітіп берген.

«Жаңа ереже бойынша алдағы уақытта жерді пайдалану мен қорғау тәртібі – «Республика – облыс – аудан» қағидатымен құрылмақ. 2014 жылы әкімдіктерге тапсырылған 250 маман бізге қайтып келеді. Менің ойымша, жердің дұрыс бөлінуін бақылауға осыншама кадр жеткілікті. Тек жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу керек. Біз өзімізде әлі функциялық талдау жүргіземіз. Бәлкім, министрліктің ішкі резерві есебінен жер инспекторларының санын көбейтеміз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров.

0 пікір
Мұрағат