Қазақстандықтар 2 трлн теңге заңдастырды
Қазақстандықтар 2 трлн теңге заңдастырды
8 жыл бұрын 2709 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

2016 жылдың 1 тамызындағы нәтиже бойынша Қазақстанда 2 триллион теңгеге жеке мүлік пен қаражат заңдастырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті дамыту және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта заңдастыру аясында 2,3 триллион теңгеге 100 мыңға тарта өтініш келіп түсті. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, 1 тамыздағы жағдай бойынша 2 триллион теңге заңдастырылған. Қалған сома тиісті органдардың қарауында», - деді Е.Біржанов.

Оның сөзіне қарағанда, заңдастыру туралы заңнамаға өзгерістер енізілмей тұрғанда, заңдастырылған мүлік пен қаражат көлемі 460 млрд. теңгенің шамасында ғана болатын. 

2015 жылдың желтоқсанында енгізілген тиісті өзгертулерден соң, заңдастырылған қаражат сомасы 1,6 триллион теңгеге жетті. Науқан қарқыны 5 есеге артты. Заңдастыру нысандарының өрісі де кеңейді - бизнес-нысандар, тұрғын үйлер, сонымен қатар шетелдегі қазақстандықтардың мүліктері. 

0 пікір
Мұрағат