Қазақстандық кілем шетел нарығына шығарылуда (ФОТО)
|
Шымкентте кілем шығаратын «Бал текстиль» кәсіпорынының іске қосылғанына көп бола қоймаса да отандық нарық арасында танылып, көптеген серіктестерімен бәсекеге түсіп үлгерді. Жаңа өндіріс орны Үдемелі индустриалдық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан ашылған болатын. Аталған фабриканың жалпы құны 8,450 миллиард теңгені құрайды. Жақын күндерде 700 ден астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Шығарылатын өнімнің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрге жуықтайды. Кілем шығару зауытының жай мен күйі турасында аталған кәсіпорынның директоры Талғат Ысқақов baq.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
2013 жылдан бері кілемдерді өндіріп, ел аумағына тарай бастаған тоқыма бұйымдары қазіргі күнде Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан және Бельгия елдеріне тасымалданып жатыр дейді өндіріс басшысы Талғат Ысқақов. «Бал текстиль» ЖШС өндірістік жобасын толық жүзеге асырған жағдайда импортқа деген тәуелділіктен құтылатын боламыз. Жергілікті билік орындары арнайы экономикалық аймаққа өндіріс ошақтарын дамытуға қажетті инфрақұрылымды толықтай жеткізіп, оларға мейлінше жағдай жасауда. Тіпті, өндіріске орнын ашуға ниеттенген іскер азаматтарға тегін жер телімдері беріліп жатыр » дейді ол.
"Дәл қазіргі уақытта кілемнің алты түрін ұсынып отырмыз. Қателеспесем кілем бұйымдарының 200-ден астам атауы бар екен. Өткен жыл біз үшін табысты болды. Былтыр 15 мамыр күні мемлекет басшысы Н. Назарбев фабрикамыздың жағдайымен етене танысқан болатын. Сондай желтоқсан айында Астана қаласында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» конкурсынан екінші орын алдық. Бұл біздің жоспарлы түрде атқарып отырған жұмысымыздың нәтижесі деп білемін,Тоқыма жабдығын тиісінше жаңғыртқан кезде Қазақстанның халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін өнім шығаратын жағдайда. Осы мақсатқа жету үшін тоқыма өнеркәсібін дамытуда мүлдем жаңа көзқарас қажет. Әлемдік тоқыма өнеркәсібі өндірістің сапа жағынан өзге деңгейіне ауысуына байланысты отандық тоқыма өнеркәсібін жаңарту емес, озық технологияларды енгізе отырып, қайта құру қажеттілігі туындайды.
Тоқыма өнеркәсібі капиталды қажетсінетін, ал тоқыма жабдығы - ең қымбат тұратын құралдардың бірі болып табылады. Өзінің ерекшелігіне қарай салынып жатқан тоқыма кәсіпорны инвестициялар салғаннан кейін бесінші жылы ғана жобалық қуатқа шығатынына орай, неғұрлым ұзақ кезеңге, бұл жағдайда 2030 жылға дейін жеңілдікті шаралар қажет".
Кәсіпорын ұлттық оюларымен өрнектелген кілемдерді де шығарып жүр. Осылайша, алдарына төрткүл дүниеге «Қазақ кілемі» деген брендті танытсақ деген мақсат қойып отырғандарын айтады. Фабрикада 100-ге жуық адам еңбек етсе, соның ішінде 14 дизайнер түркиялық мамандардан білім алғандар. Қазақы кілемдер осы дизайнерлердің қиялынан туған. Бүгінде қазақ нақыштағы бұйымдарға сұраныс артып тұр дейді. Фабрика басшысының сөзінше, ұжымның ендігі мақсаты Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін әлемдік нарыққа біріктіру.
Екінші кезең 2014 жылдың 2 жартыжылдығында аяқталды. Бұл мерзімде құны 750 миллион теңгелік жіп иіру фабрикасы іске қосылып, 150 жұмыс орны ашылмақ. Аталған фабрика жалпы кәсіпорындағы 26 желіні шикізатпен (тоқыма жіппен) толық қамтамасыз етуі тиіс. Үшінші кезеңді жүзеге асыру 2015 жылға жоспарланған, ол жүзеге асқанда жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайтын 10 желі іске қосылады, жаңадан 180 жұмыс орны ашылады. Төртінші кезең, яғни ақырғы кезең 2016 жылға жоспарланған. Оның құны 3 миллиард теңгені құрайды, жаңадан 180 жұмыс орны ашылып, 10 желі іске қосылады.
Жалпы алғанда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұған тартылған инвестиция көлемі 139,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба бойынша 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Осы уақытқа дейін 17,7 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, жаңадан 1 526 жұмыс орны іске қосылған.