Қазақстандағы баламалы энергетика мүмкіндіктері
Қазақстандағы баламалы энергетика мүмкіндіктері
4 жыл бұрын 3214

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті биыл қараша айында жария еткен мәліметінде 2019 жылы елімізде қолданылған энергия үнемдеу технологиялары нәтижесінде 28,2 млрд теңге үнемделді деп хабарлады. Бұл жайында forbes.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

 Айта кету керек, «Электр энергетикасын дамыту және электр үнемдеу институты» АҚ қызметі аясында жүргізілетін Мемлекеттік энергетикалық реестрде жылына 100 тоннадан астам шартты отын түрін пайдаланатын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерімен қатар, жылына 1500 шартты отын көлемін қолданатын бизнес субъектілері тіркелген: 2019 жылдың қорытындысы бойынша бас-аяғы 20 533 мекеме. Бұл субъектілер 2019 жылы 61,1 млн тонна шартты отын түрін пайдаланған. Оның ішінде бизнестің үлесі – 59%, квазимемлекеттік сектор үлесі – 39%, ал мемлекеттік мекемелер көрсеткіші – 2%.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) мәліметтеріне ден қойсақ, Қазақстанда пайдаланылатын электрдің 70%-дан астамын көмір электр станциялары шығарады екен. Бұл станциялардың жұмысы еліміздің солтүстік шығысында өндірілетін арзан көмір есебінен қамтамасыз етіледі. Отандық экологиялық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, ауаға тасталатын жыл сайынғы көмір қышқыл газы мөлшерінің 80%-дайы осы станциялардың қызметі есебінен, олай болса олардан қоршаған ортаға келетін зиян шаш етектен деп ескертеді.

Отандық энергетикалық инфрақұрылымды модернизациялау – ел үкіметі алдындағы маңызды міндет. Электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Сарапшы мамандар, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш жыл сайын 2,5%-ға өсіп отырады деген болжам айтады.

«Бүгінде жұмыс істеп тұрған электр станциялары бұл қажеттілікті толығымен қамти алатыны күмәнді. Энергетика инфрақұрылымның басым бөлігі ескірген, сала іші ауқымды инвестицияны талап етеді. Мұндай жағдайда Қазақстанға қолданыстағы қуат көздерін барынша жаңартып, электр энергиясын өндірудің жаңа, мейлінше тиімді көздерін іздеп табуға тура келеді», – дейді олар.

Ұмытпасақ, ЭКСПО–2017 көрмесі барысында Қазақстан үкіметі 2020 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің ел экономикасындағы үлесін 3%-ға дейін арттыратынын мәлім еткен болатын. Бүгінде елімізде жаңартылу мүмкіндігі бар қуат көздерінен энергия өндіруді жолға қойған 97 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар өндіретін энергетиканың жиынтық қуаты – 1260 МВт. Оның ішінде күн электр станциялары өндіретін қуат көрсеткіші 697 МВт, жел электр станцияларының үлесі – 336 МВт, гидро- және биоэнергетика көрсеткіші – 224 МВт. Ал отандық электростанциялардың жалпылай алғандағы қуат көрсеткіші – 19 330 МВт.

Бүгінде баламалы энергетиканы дамыту аясында Қазақстан халықаралық агенттіктермен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Мысалы, БҰҰ Даму бағдарламасы, ауаға салмақ түсіретін парниктік газдардың үлесін қалаларда қысқарту жолындағы ұсыныстар мен жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларға қолдау көрсетуде. Бұл сала қазіргі таңда инвесторларды да қызықтырып отыр. Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Қазақстан үкіметі жаңартылатын энергетиканы инвестициялық тұрғыда басымдық берілген салалар тізіміне енгізді. Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, 2018–2019 жылдары жаңартылатын көздерден энергия өндіруге негізделген жобалар 613 млн АҚШ доллары түрінде инвестиция тарта алған. Осылайша 2019 жылы бұл тұрғыда 21 жоба іске қосылған.

Әйтсе де еліміздің географиялық ерекшелігі баламалы энергетканы дамытуға өзіндік кедергілер келтіруде. Мамандардың айтуынша, ел аумағының 50%-дай бөлігінде желдің орташа жылдамдығы секундына 4–6 м шамасында, яғни электр энергиясын өндіруге гуілдеп соққан желдің бұл қуаты жеткілікті, алайда, оның өзіндік құны бәрібір қымбат. Біріншіден, логистика мәселесі кесе-көлденең шығады: жел энергиясын өндіруге қажет кең ауқымды құрылғыларды еліміздің шалғай ауылдарына жеткізудің өзі қиямет-қайым. Екіншіден, сары даладағы температура көрсеткіші қашанда құбылмалы. Ауа температурасы -50-ден +50-ге дейін өзгеріп отыратын аймақтарда жұмыс істейтін құрал-жабдықтарға ешқандай өндіруші ешқашан кепілдік бере алмайды.

0 пікір
Мұрағат