|
Қазақстанда ысырапшылдыққа қатысты әлеуметтік ролик түсірілді (ВИДЕО)
|
Әлеуметтік желіде ысырапшылдықпен мақтануға құмар адамдарды әжуалайтын әлеуметтік ролик пайда болды.
Бір минуттық ролик «Қазақстандықтардың үнемшілдікке көзқарасы» деп аталады. Онда отандастарымыздың үнемшілдікке бейім емес екендігі көрсетілген. Яғни, дағдарысқа қарамастан олар шашылып той жасауға, қымбат бағалы киімдер, бұйымдар алуға құмар. Тіпті сол үшін несие алуға да дайын.
Мультфильмнің авторлары - алматылық суретшілер, аниматорлар музыканттар тобы. Топ мүшелері қазақстандықтардың ақшаны қайда жұмсайтындығын білу үшін алдымен өздерінің орынсыз шығындарын есептеп көрген.
«Германиядан келген досымыз қазақстандықтардың жалақының аздығына қарамастан сән-салтанатқа, қымбат бұйымдар сатып алуға, үлкен той жасауға құмар екендігін көріп таң қалды. Ол өзі қарапайым өмір сүреді. Екінші жоғары білім алуға құштар», - деді жоба режиссері Дмитрий Щеголихин.
Бұл мультфилм қазақстандықтарды ақшаны үнемдеуге, қарызданып ұлан-асыр той жасамауға шақырады.
Бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде роликті 60 мыңнан астам адам көрген. Дегенмен, интернет пайдаланушыларының бір бөлігі мультфилимнің маңызды тақырыпты көтергендігін және жақсы әзілмен жасалғандығын айтса, қалғаны бөлігі «тым асыра сілтеп жіберген» дейді.
Ролик авторларының айтуынша, роликке ренжудің қажеті жоқ. Оны түсіну керек.
«Үнемшіл болуға үйренетін уақыт келді. Дамыған елдерде бұл қалыпты жағдай. Ал бізде «кедейшіліктің» белгісі деп қабылданады. Егер бұл ролик адамарға ой салса, біздің мақсатымыздың орындалғаны», - деді өз кезегінде идея және роликте айтылған сөздердің авторы Тимур Шайтқалиев.