Қазақстанда вокзал перрондарына билетсіз кіруге тыйым салынады
|
«Қазақстан Темір Жолы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен кеңесте вокзал перрондарына билетсіз тұлғалардың қол жеткізуіне тыйым салу туралы айтты.
«Билеттерді қайта сатып алушылардың жауапкершілігін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қайта сатып алушылар жазасын қатаңдату керек, себебі, біз оларды басқаша тоқтата алмаймыз. Ағымдағы жылы пилоттық режимде "Нұрлы жол" және Қарағанды вокзалдарының перрондарына билетсіз адамдардың қол жеткізуіне шектеу қойылады. Бұрын, естеріңізде болса, 2000 жылдардың басында біз оны енгіздік», — деді ол.
«Содан кейін жұртшылықтың наразылығы болған кезде прокуратура, ҰҚК араласып, олар бізге азаматтардың бостандығын шектеуге құқығыңыз жоқ деп айтты. Енді біз министрлікпен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл мәселені дұрыс деп есептейміз. Перрондарға бөгде адамдардың кіруін шектеу үшін ең болмағанда ірі вокзалдардан бастау керек. Тек жолаушылар кіруі керек», — деді Әлмағамбетов.
Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев басқа елдердегі тиісті тәжірибені еске салды.
«Мұны біз Өзбекстанда, Қытайда көрдік. Өзбекстанда шығарып салушылар билетсіз вокзалға және әуежайға кіре алмайды. Мұнда перронға қол жеткізу анық шектеледі. Онда билет пен куәлігі бар адамдар өтуі керек», — деді вице-министр.