Қазақстанда соңғы екі жылда 2 млрд кВт/сағат электр энергиясы үнемделген
Қазақстанда соңғы екі жылда 2 млрд кВт/сағат электр энергиясы үнемделген
8 жыл бұрын 3349 inform.kz
Соңғы екі жылда елімізде 2 млрд кВт/сағат электр энергиясы үнемделген. Жалпы, Қазақстан жылына 95 млрд кВт/сағат электр қуатын тұтынады екен. Бұл туралы бүгін «Энергия үнемдей отырып жарықтандыру: Қазақстандағы жарықтандырудың проблемалары мен болашағы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Инвестициялар жəне даму министрлігіне қарасты Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының басқарушы директоры Əлібек Қабылбай мəлім етті. 

«Энергия үнемдеу саясаты еліміздің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Кеше басталған тұрғын үй коммуналдық шаруашылық көрмесінің аясында қосымша жарықтандыру мəселесі бойынша жеке конференция өткізуді жөн көрдік. Себебі, конференцияның басты тақырыбы - тиімді жарықтандыру мəселесі мен осы бағытта ең үздік технологияларды пайдалану мəселелері. Жалпы, энергия үнемдеу бағытында жарықтандырудың әлеуеті жоғары. Еліміз жарықтандыруды үнемдеу арқылы жалпы энергияның 70 пайызына дейін үнемдей алады. Қазір жаңа технологиялар бағытында жыл сайын бір жаңалық пайда болады. Сондықтан еліміздің нарығын сапасы нашар, тиісті стандарттарға келмейтін жарықтандыру технологияларын шеттетіп, жаңа технологиялардың енуіне жағдай жасаймыз», - деп атап өтті ол.

Ол сонымен қатар бұл бағытта құрылыс стандарттары бойынша көп жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Бұдан өзге, Қазақстанда «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында тоғыз салада жұмыс атқарылып жатыр. Нəтижесі бар, 2008 жылмен салыстырғанда 2014 жылы еліміздің энергия үнемдеу сыйымдылығы 18,6 пайызға төмендеді. 

«Ал қанша қаржы үнемделді десек, əр саланың көрсеткіші əртүрлі. Мысалы, мекемелерді немесе кəсіпорындарды алып қарасақ, қыруар қаржы үнемделіп жатыр. Дегенмен, болжаммен айтсам, өнеркəсіп саласындағы кейбір кəсіпорындар кемінде 500 млн үнемделетін шаралар атқарылған болатын. Жалпы, соңғы екі жылда 2 млрд кВт/сағат электр энергиясы үнемделген. Тағы бір ескере кететін жайт, экономика өскен сайын, халықтың саны артқан сайын жарықты тұтыну да өсетіні анық. Осы ретте, тұтынудың тиімділігін арттыру керек. Жылына Қазақстан 95 млрд кВт/сағ. электр қуатын тұтынады», - деді Ə.Қабылбай.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада кешеден бері тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласындағы жаңа технологиялар мен тың жобалардың көрмесі өтіп жатыр.
Кабылбай

Кабылбай

Кабылбай

0 пікір
Мұрағат