Қазақстанда саусақ ізін танитын банк картасы іске қосылуы мүмкін
Қазақстанда саусақ ізін танитын банк картасы іске қосылуы мүмкін
8 жыл бұрын 2983 7kun.kz Камила Дүйсенова

Mastercard Еуропа мен Азияда да биометрикалық банк картасын қолданысқа енгізбек. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Африка Республикасында пилоттық жоба ретінде сынақтан өткен бұл карталар енді Қазақстанға да келуі мүмкін.

Инновациялық биометриялық карталарда саусақ ізін тани алатын технологиялар орнатылған. Оның көмегімен сіз тіпті смартфон арқылы да төлем жасай аласыз. Оны EMV-чип қабылдайтын кез келген POS терминалдарына қолдануға болады. 

«Соңғы кездері биометриялық карталардың қауіпсіздігіне көп адам көз жеткізе бастады, — дейді Mastercard-тың қауіпсіздік жөніндегі президенті Аджей Бхалла. Смартфонды ашу үшін немесе онлайн-сауданы растау үшін саусақ іздерін қолдану бұл – қосымша қорғаныс. Оны ұрлай да, қолдан жасай да алмайды».
 
Тауардың ақысын төлейтін кезде аталмыш иннвоациялық карталарды да қазіргі банк карталары секілді қолдана бересіз. Оны терминалға қоясыз, жанындағы сенсорға саусағыңызды жақындатасыз. Егер картада сақталған саусақ іздері өзіңіздікімен сәйкес келсе, онда транзакция расталған болып есептеледі.
 
«Қазіргі таңда биометриялық аутентификацияның бірнеше түрі қолдансқа енгізіліп қойды. Соның бірі — смартфонның саусақ іздерін тани алуы. Банктер мұнан да басқа нұсқаларын қарастырып жатыр», — дейді Future Payments жетекшісі Саша Брайт.
 
Жақын арада Mastercard Еуропа, Азия және Тынық мұхиты аумағында қосымша пилоттық жобаларын іске қоспақшы.
 
Расында, биометриялық технологиялардың дамуы біз қолданып жүрген физикалық карталардың қолданыстан шығауына себеп болуы мүмкін.
 
2016 жылдың жазында Visa еуропалық тұтынушылардың төрттен үш бөлігі, яғни 73 пайызы биометриялық төлемдерге қызығушылық танытып отыр деген сауалнама нәтижесін жариялаған еді.
 
Респонденттердің жартсынан көбі бұл төлем түрін жылдам деп есептесе, 80 пайызы саусақ іздерін тану ең қауіпсіз технология деген пікірде.
 
Биометриялық төлем дегеніміз — тұтынушының биометриялық ақпарттарын пайдалану арқылы жасалатын төлем түрі.
 
Биометриялық ақпарат — тірі адамның физиологиялық және мінез-құлықтық ерекшеліктері. Бұл — әр адамның өзіне ғана тән дербес ақпарат. Оған адамның саусақ іздері, көздің ішкі тор қабығы, бет әлпетін анықтау, алақан және ДНҚ мен дауысы жатады.
 
Mastercard – төлем индустриясындағы бүкіләлемдік технологиялық компания. Ол әлемнің 210-нан астам елінде қаржы институттары мен клиентерді байланыстыратын төлем желісін қалыптастырған.
 
0 пікір
Мұрағат