Қазақстанда қалыңдық ұрлайтындарға қатысты бөлек заң жоқ - сарапшы
Қазақстанда қалыңдық ұрлайтындарға қатысты бөлек заң жоқ - сарапшы
8 жыл бұрын 3220 inform.kz Айбота Жаппарберген

Алматыда жоғалып кеткен 18 жастағы Жұлдыз Ерманова бүгін табылып, үйіне оралды. Жұлдыздың отбасы қызын ұрлағанның үстінен арызданбайтын болды. Осы жағдайға байланысты, белгілі адвокат Джохар Өтебеков өз пікірін білдірді.    

Айта кетейік, оқиға желісі бойынша анықталғаны, Жұлдызды белгісіз біреулер қалыңдық ретінде алып қашқан. Жұлдыз тіпті, өзін алып қашқан жігітті танымайтынын айтқан. Қоғамда үлкен шу көтерілген соң, алып қашқандар өз еркімен Жұлдызды үйіне қайтарған. «Бұл жерде мәселе келісуде немесе татуласуда емес. ҚР Қылмыстық кодексі ұрланған адамның өмірін, кінәлілерді жазалудан жоғары қояды. Яғни, егер қыз ұрлағандар оны өз ерікімен аман-есен қайтаратын болса, онда қылмыстық жауапқа тартылмайды. Не үшін? Бұл жерде басты мақсат - ұрланған адамның өмірін қалайда сақтап қалу. Егер, қылмыстық жауапқа тартылмайтынын білсе, онда қыз ұрлаушылар оны қорықпай қайтара алады. Бірақ, ұрланған адамның денсаулығына зиян келтірілген болса, оған зорлық-зомбылық көрсетілген болса, қару қолданылса және басқа да заңсыз әрекеттер жасалса, онда кінәлілер міндетті түрде қылмыстық жауапқа тартылады», - деді адвокат.

Заңгердің айтуынша, заң нормасы бойынша ұрланған адамның тірі қалғаны маңызды. Адам ұрланған жағдайда заңның бұл нормалары ашық түрде жариялануы тиіс. Бұл адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. 

«Бізде қалыңдық ұрлауға қатысты бөлек заң нормасы жоқ. Алайда, адам ұрлауға қатысты ҚР ҚК 125-ші бабы бар. Қызды алып қашуға әдетте бірнеше адам қатысады. Олар алдын ала сөз байласады. Бұл жерде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ, істер негізі сотқа жетпейді десе де болады», - деді адвокат.

 

 

0 пікір
Мұрағат