Қазақстанда кәмелетке толмағандарға діни кітаптар сатуға тыйым салынбақ
|
Еліміздің бас бостандық айыру орындарының барлық кітапхана қорындағы материалдарға сараптама жүргізілді. Бұл жайында бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмыс нәтижесіне арналған қоғамдық кеңес отырысында министр Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.
«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Діни қызметтер және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу үстінде. Қазіргі уақытта бұл түзетулер әзірлеу сатысында», - деді ол.
Осы ретте министр аталған заң жобасында көзделіп отырған бірқатар негізгі нормаларға да тоқталды.
«Қысқаша тоқталар болсам, аталған заң жобасының негізгі нормалары қатарында мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандарды діни қызметке тартқаны, дін саласындағы заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мұнан бөлек, қоғам тарапынан кәмелеттік жасқа толмағандарға діни әдебиеттерді сатуға, жұмыс уақытында мемлекеттік қызметшілердің діни рәсімдерге қатысуына шектеу қою ұсынылуда», - деді Ермекбаев.
Оның айтуынша, заң жобалары нормаларының келесі бір блогы діни әдебиеттерді тарату тәжірибесін жетілдіруді, дінтану сараптамаларын жүргізуді қамтиды.
«Миссионерлік қызметті реттеу, шетелде діни білім алуды реттеу жөніндегі нормалар да бар. Қоғам ұсынып отырған осы бастамалардың барлығы да қоғаммен және сарапшылармен талқыланады. Осылайша, біз қоғамнның толыққанды және объективті пікірін алып, оны аталған құжатта бекіткіміз келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты бұл - еліміздің болашақтағы қауіпсіздігі мен тұрақтылығы», - деген министр заң жобасының осы жылдың соңына дейін Мәжіліс қарауына енгізу жоспарланып отырғандығын ескертіп өтті.