Қазақстанда электронды үй кітапшасы пайда болады
Қазақстанда электронды үй кітапшасы пайда болады
8 жыл бұрын 5136 inform.kz Марлан Жиембай

Қазіргі уақытта бірде-бір мемлекеттік орган тұрғын үйге қанша адамның тіркелгендігі туралы ақпаратты еш кедергісіз бере алмайды. Айта кетерлігі, бұл олқылықтың орын алғанына бірнеше жыл болған. Тек қазіргі уақытта уақытша тіркеуге тұру міндетті болғаннан кейін ғана бұл проблема көтеріліп отыр. Мәселен, бүгінде Астана тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы бір-бірінен пәтерге қанша адам тіркелгендігін анықтау үшін қайда жүгіну қажеттігін сұрауда. «Біз баспана сатып алған едік. Мен бұрынғы қожайынның және оның туыстарының қайсысы біздің үйде тіркелгендігін білмек болдым. Маған ақпарат бермей қойды. Олар басқа мекенжайға тіркелген кезде бұрынғы орыннан автоматты түрде шығарылады деді. Әлі күнге дейін олардың тіркеуден шыққан-шықпағандарын білмеймін», - деп жазды Ildar Kunsakov. «Бұл кемшілік бірнеше жылдан бері бар. Пәтер сатып алғанда анықтай алмадық, сатқан кезде де жаңа қожайыны да шошып кетті. Таяуда бұл мәселе шешіліп қалар. Басқаша мүмкін емес», - дейді Ілияс Ахметов есімді тағы бір әлеуметтік желі қолданушы. Айта кетейік, бұған дейін пәтерге тіркелген адамдар туралы ақпараттарды сақтау қызметін атқарған үй кітапшасы жойылған болатын. «Азаматтар үшін Үкімет» баспасөз қызметінен пәтерге қанша адамның тіркелгендігі туралы ақпаратты еш жерден алу мүмкін еместігін айтты. Дегенмен, оның бір жолы бар. Ол  көші-қон полициясына жүгіну. Сондықтан ҚазАқпарат аталған полиция қарамағына кіретін болғандықтан  Ішкі істер министрлігіне ресми сауалмен жүгінген еді. Аталған ведомствоның мәліметінше, алдағы уақытта Қазақстанда әрбір нысанға, пәтерге арналған «электронды үй кітапшасы» жасалатын болады. Бұл «резеңке» пәтерлердің иелерін анықтауға, белгілі бір заңды мекенжайда тіркелген азаматтардың санын анықтауға мүмкіндік береді. «Баспананың меншік иесі де нақты заңды мекенжай бойынша тіркелген азаматтарды  тексере алатын болады. Сонымен қатар, оларды тіркеуден шығару шараларын да қабылдай алады. Бұл өз кезегінде әкімшілік жауапкершілікке ілігетін адамдарды анықтауға мүмкіндік береді», - деді министрліктен. ІІМ ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың «Мекен жай тіркелімі» (Ақпарат және коммуникациялар министрлігі), «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» (Әділет министрлігі) және «Құжаттау және халықты тіркеу» тіркеу пункті» (Ішкі істер министрлігі) мәліметтер базасын интеграциялау процесі аяқталуда.     

0 пікір
Мұрағат