Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі белгіленеді
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі белгіленеді
10 ай бұрын 1072 forbes.kz Фото: airlife

«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Бұл туралы forbes.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек».

Бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.

Айта кетейік, Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған.

Жұмыс тобы 2023 жылдың ақпанында қазақстандықтардың ең қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше мәрте келіп түскен өтініштеріне байланысты құрылған. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және т. б. кірді.

Өткен жылдан бастап медицина, физиология, география,метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп келеді.

Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқасы екенін және Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады деген ортақ пікірге келді.

Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені саралап, әлемнің 175 елінде біріңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде екен.

Сондай-ақ сарапшылар біріңғай уақыт белдеуін белгілеу еліміздің әр өңірінің тұрғындары арасындағы уақытша кедергілерді жойып, көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартып, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Қаулы ресми түрде жарияланып, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Forbes Kazakhstan

0 пікір
Мұрағат