Қазақстанда алғашқы шариғи индекстік қорының акцияларымен сауда ашылды
|
Бүгінгі таңда әлемнің 90-нан аса елінде ислам қаржысының нарығы түрлі формада жұмыс істейді. Бұл жайында islam.kz порталы Kapital.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Еуразиялық даму банкі келтірген мәліметке қарағанда, Қазақстан Орта Азия аймағы бойынша ислами қаржының 68% үлесіне ие. 2025 жылдың қаңтар айының 14-і күні Алматы қаласында ITS Shariah индекс қорының акцияларының саудасы ресми ашылды. Мұндай жоба Орта Азия мен Қап тауындағы алғашқы ETF (exchange-traded fund немесе биржалық, инвестициялық қор) ретінде алға шығады. Аталмыш индекс қорды IPS Capital басқарады. IPS Capital-дың шариғи кеңесінің жетекшісі, ислам қаржысы жөніндегі халықаралық сарапшы Мұхаммед Ыбырайым Ыссы бұл салада табаны күректей 18 жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Дәлірегі, Америка құрама штаттарының, Пәкістанның және Өзбекстанның банктерінде шариғи кеңесші қызметін атқарып, ысылған, тәжірибе жинаған білікті маман. Бұдан бөлек, Орта Азия, Пәкістан және Америка құрама штаттарында шариғи кеңес берумен айналысатын Alhamd компаниясын басқарады. Сарапшының сөзіне қарағанда, мұсылмандар жергілікті банктерден пайда көрмейді. Өсім болғаны үшін. Шариғат талаптарын сақтамайтын құралдарға да инвестиция салу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, мұндай шариғи жобаның мұсылмандар үшін қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Бір артықшылығы, бұл индекс қорына мұсылман еместер де инвестиция құя алады. Тек бір шектеу болады: доңыз етін және ішімдік өндіретін компаниялар халал құралға инвестиция құя алмайды. Бұл шектеу пайыз жейтін банктерге де қатысты. Ал лизингілік және сақтандыру компанияларына шектеу жоқ. Осылай деген сарапшы шариғи экономикалық жүйе нақты активтерге бағытталған, пайыздық көпіршікке, алаяқтыққа жол бермейді. Сол себепті, 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде тек ислами банктер мен қаржы құралдары шығын көрген жоқ.