Қазақстан донорлық жүректі қалай ұзақ сақтауды ойлап тапты
Қазақстан донорлық жүректі қалай ұзақ сақтауды ойлап тапты
21 күн бұрын 435 24.kz Ернат Рахметолла

Қазақ ғалымдары әлемде теңдесі жоқ медициналық құрылғы ойлап тапты, деп хабарлады 24.kz 

Жапонияның Осака қаласындағы EXPO-2025 халықаралық көрмесінде дәрігер-зерттеушілер бірегей құрылғыны таныстырды. Инновациялық құрал донорлық жүректі ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Отандық өнімнің әлемде баламасы жоқ. 

Alem. Расымен бұл құрылғы атына заты сай болғалы тұр. Бүкіл әлем үшін тың жаңалық. Астанадағы "Университеттік медицина ортағылының" еңбегі. Ол донорлық органдарды 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық өнім. Бұған дейін жүректі дәстүрлі әдіспен әрі кетсе 6 сағат қана сақтауға болатын. Сондықтан ALEM – бірегей жоба және оның дүние жүзінде әзірге баламасы жоқ.

Юрий Пя, University Medical Center Басқарма төрағасы: "Біз күн райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі уақытында ала алмай, күрделі жағдайға тап болдық. Сол кезде Қазақстан үшін қолжетімді әрі тиімді болатын өз жүйемізді жасау идеясы туындады. Аталған құрылғыда донорлық ағзаны тек сақтап ғана қоймай, қажет болған жағдайда емдеу мүмкіндігі бар".

Қиын сәтте пайда болған тың идея жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулер барысында сынақтардан сәтті өткізілен. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды дүние. Себебі, трансплантология саласындағы басты мәселенің бірі – ағзаларды дер кезінде жеткізу. ALEM технологиясы ағза үшін барынша тиімді жағдай жасап, қажетті температураны сақтап, қанды оттегімен қанықтырып, өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Юрий Пя, University Medical Center Басқарма төрағасы: "Қазір құрылғыны Осакадағы көрмеде көрсетіп жатырмыз. Қазақстан медицинасын бүкіл әлемге таныту, Қазақстанда бар озық технологияны паш ету біздің ұжым үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Біз Қазақстанның жетістіктері арқылы басқа мемлекеттердің назарын аудара аламыз".

Айта кетейік, қазақтандық бірегей құрылғы ұсынылып отырған EХPO-2025 көрмесі 13 қазанға дейін жалғасады. Оған 180 ел қатысуда. Бас-аяғы 80 павильон жұмыс істеп тұр. Ұйымдастырушылар 6 айда халықаралық көрмені 28 миллион адам тамашалайды деп болжайды. 

Ернат Рахметолла


 

0 пікір
Мұрағат