Қазақ хандығына қатысты маңызды 3 жаңалық
|
Күнтізбеге Қазақ мемлекеті күнін енгізу туралы ұсыныс жасалды
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі брифингі барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов Қазақ мемлекеті күнін күнтізбеге енгізу туралы ұсыныс жасады.
- Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту біздің үлкен-үлкен істерімізге, ізденістерімізге түрткі болған бір сәтті белес деп ұғып отырмын. Бұрын Қазақ Хандығының қай жылы құрылғандығы туралы пікірлер сан-саққа таралып, біз бұл 550 жылдық туралы айта алмаушы едік. Енді бүгінгі күні соған нүкте қойылды. Өйткені 1465 жылдарды шамасында Қазақ Хандығы құрылды деген бірақ қана дерек бар. Енді біз соған жүгінетін болдық. Осыдан біраз уақыт бұрын 25 қазан күні тойланатын "Республика күні" деген мереке болатын. Менің ойымша "Қазақ мемлекеті күні" деген мерекені күнтізбеге енгізу қажет сияқты. Бұл біздің мемлекетке деген құрметіміз, мемлекетке деген қызметіміз, бұл азамат, мемлекет, заң деген байланысты ілгерілетудің , нығайтудың бір тетігі болар еді. Осындай мереке Қазақстанға керек-ақ сияқты. Бұл датаны енгізгенде әңгіме той қууда емес, әңгіме сол датаны тойлай отырып, ойды, Қазақстан қоғамын тереңдетуде, - деді Хангелді Махмұтұлы.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмдердің сценариі жазылуда
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмдердің сценариі жазылуда. Бұл жайында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі брифингі барысында ҚР Мәдениет және спрт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.
- ҚР Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жеке тапсырмасын орындау мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған ұлттық фильмдер өндірісі туралы "Мәңгілік ел" атты бағдарлама жасалды. Осы бағдарлама аясында көркем суретті, деректі және анимациялық фильмдер түсіріп, жарыққа шығарылу жоспарланып отыр. Солардың бірі "Қазақ елі" атты 10 бөлімнен тұратын телесериал. Қазіргі таңда "Қазақ елі" фильмінің сценариі жазылуда. Оның авторлағы Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықов. Елбасының жасаған ескертпелері мен ұсыныстары нәтижесінде бұл фильмнің желісі Керей мен Жәнібек хандардан бастап Қасым мен Бұрындық хандарға дейін біздің тарихымызды қамтиды. Осы фильмді халықаралық аренаға шығару мақсатында шетелдерден де, өзіміздің де көрнекті ұлттық кино саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздан тұратын топ құрылуда. Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын фильмнің әрқайсысы 30 минутқа созылады. Бүгінгі күні сонымен қатар ғылыми-тарихи, фото деректер де жинақталу үстінде, - деді Ақтоты Раметоллақызы.
Сонымен қоса "Ел аманаты" атты әр қайсысы 10 минуттан, алты бөлімнен тұратын анимациялық фильмнің түсіріліміне дайындық жұмыстары жүріп жатқандығын айтқан ол:
- Ол анимациялық фильм Керей мен Жәнібек хандардың жас шағынан бастап таққа отыруына дейінгі кезеңі, Жеті Жарғыны жасаған әз-Тәуке , Абылайхан, Наурызбай, Қабанбай, Қарасай сынды батырлар туралы үш батыр , Аңырақай шайқасы жайлы алты анимациялық фильмдер дайындалу үстінде. Аталмыш кино жобалар тарихымыздың ұлттық құндылықтарын, сонымен қатар ел тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларымызды кеңінен таныстыра отырып, ұрпағымызды ұлттық-патриоттық тәрбиеге баулуды көздейді, - деп атап өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай еліміздегі 14 тарихи-мәдени ескерткіш қайта қалпына келтіріледі
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, яғни 2015 жылдың қыркүйек айына дейін еліміздегі 14 тарихи-мәдени ескерткіш қайта қалпына келтіріледі, деп хабарлады «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев ОКҚ-де өткен брифингінде.
«2015 жылдың қыркүйек айында 14 нысан жоспар бойынша тапсырылады. Олар - Бесшатыр Қорғаны, 14-16 ғасырдағы Талғар көне археологиялық ескерткіштер, көне Тараз ескерткіштері мен т.б. Қазір онда (көне Тараз мекенінде - АА) 4 археологиялық топ жұмыс істеуде және олардың алдында қыркүйек айына дейін яғни Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту басталғанға дейін аяқтау міндеті қойылып отыр», - деп мәлімдеді Қ. Тұяқбаев.
Сонымен қатар, «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директорының айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде 2017-2019 жылдарға арналған ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша үш жылдық жоспар жасақталуда.
Өз кезегінде, ҚР МСМ мәдениет және өнер істері бойынша департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова атап өткендей, ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтумен байланысты ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына кеңірек көңіл бөлінуде. «Қазақстанда аталмыш мәселеге көбірек дең қойылған. Оның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге байлынысты көне ескерткіштерді қалпына келтіру, сақтап қалу, тұмшалау сияқты жоспарға сай шараларда бар», - деді А. Райымқұлова.