|
Қазақ ғалымдары құбырсыз су тарту технологиясын сынақтан өткізіп жатыр
|
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) ғалымдары құбырсыз су тарту технологиясының далалық сынақтарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Оның негізгі мақсаты – тік дренаж ұңғымаларын орнату мен пайдалану кезінде шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу. Бұл технология ұңғымаларды жабдықтауға жұмсалатын қаражатты едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр", – делінген хабарламада.
Мұның себебі – су көтеруге арналған құбырлар қолданылмайды, сондықтан оларды сатып алу, тасымалдау және орнатуға кететін шығындар қажет болмайды. Бұдан бөлек, сорғыны ауыстыру немесе жөндеу кезінде орнату мен бөлшектеу жұмыстары жеңілдеп, олардың бағасы да төмендейді. Ал су қысымының жоғалуы төмендегендіктен, электр энергиясын тұтыну да қысқарады.
Құбырсыз су көтеруге арналған жабдық сынақтары "Қазсушардың" Түркістан филиалына қарасты диаметрі 426 мм болатын ұңғымада жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ҚазСШҒЗИ сарапшылары филиал мамандарына арналған оқыту семинарын өткізіп, қажетті құрылғыларды пайдалану, монтаждау және бөлшектеу тәртібін түсіндірді.
Бүгінде диаметрі 219, 273, 324, 377 және 426 мм болатын ұңғымаларға арналған технологиялық жабдықтарға қатысты техникалық құжат әзірленіп, әртүрлі өлшемдегі ұңғымаларға арналған жабдық үлгілері әзірленді. Егер сынақ нәтижесінде тәжірибелік үлгінің экономикалық тиімділігі расталса, ұсынылып отырған құбырсыз су көтеру технологиясы ауыл шаруашылығында, елді мекендерді сумен жабдықтауда және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында кеңінен қолданылуы мүмкін.
"Қазіргі таңда мұндай құрылғылар Қазақстанда шығарылмайды және қолданылмайды. Сондай-ақ қарапайымдылығы, сенімділігі және өндіріске енгізуге дайындығы жағынан тең келетін баламалар да жоқ. Құбырсыз су көтеруге арналған технологиялық жабдықтар жиынтығы ведомстволық қабылдау сынақтарынан сәтті өтті. Бұл технологияны қолдану арқылы сорғы қондырғысының металл шығыны мен жалпы салмағы 50%-ға дейін азаяды. Ал сұйықтықтың бір көлемін айдауға жұмсалатын электр энергиясы 20%-ға дейін үнемделеді. Сонымен қатар судың ластану немесе жұқтыру қаупі толық жойылады", – деді құбырсыз су көтеру технологиясын енгізу жобасының жетекшісі Тимур Устабаев.
Суды үнемдеу - уақыт талабы
Семейдегі көлік жуатын 50 орын, айына 12 мың текше метрден астам су пайдаланады, деп хабарлады 24.kz
Орталықтандырылған жүйеден алынатын таза су, есепсіз ағып жатыр, - дейді мамандар. Жаңа су кодексі бойынша тіршілік нәрін қайта кәдеге жарату үшін, көлік жуатын орындар, жаңа жүйеге көшуі тиіс. Бұл су шығынын 30 пайызға азайтады. Дегенмен, арнайы қондырғы орнатуға көбі асығар емес. Жаңа жүйеге көшсе, көлік жуатын орындар бір рет пайдаланылған суды кәрізге ағыза салмай, арнайы қондырғы арқылы тазартып алады. Кәсіпкерлер мұны қолдап отыр. Бірақ, біраз қаржы мен уақыт керек дейді. Сапалы, қуаттылығы жоғары жабдықтың бағасы 1 млн теңгеден асады. Орнату үшін, ғимараттың құрылысын қайта жоспарлау тағы бар. Есесіне кейін суды үнемдеп, пайда көруге болады.
Елена Гурьева, Көлік жуу орнының әкімшісі: - Бұл жабдықты сатып алу мен орнатуға кететін шығын ғана емес. Бұған қоса сүзгілерді жиі ауыстыру керек болады. Ай сайын бірнеше рет жаңартуға тура келеді. Олардың бағасы да арзан емес. Сондықтан бұл біз үшін едәуір қаржылық салмақ болады.
Кодекске сай өндіріс ошақтары, көлік жуу орындары, дәмханалар мен сауда нысандары, моншалар суды тиімді пайдалану жүйесіне көшуі тиіс. Су бірнеше сатыдан тұратын тазарту қондырғыснан өтіп, қайтадан кәдеге жаратылады. Бұл табиғи су қорын сақтауға мүмкіндік береді.
Талғат Мадияров , «Семей су арнасы» МКК Қоғаммен жұмыс бөлімінің басшысы: - Автокөлік жуу станцияларына қашықтықтан су пайдалану көлемін анықтайтын есепқұрылғылары анықталды. Сонымен бірге жаңағы тұрған автокөлік станцияларындағы пайдаланған суды айналма су ретінде пайдалану үшін арнайы нұсқау, предприсаниялар берілді, олардың орындалуы мекеме кәсіпорын назарында.
Семейде көлік жуатын 1 орын ай сайын 250 текше метрге дейін су тұтынады.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйені енгізген кезде су шығынын кем дегенде 30 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Қазір кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, бизнес өкілдеріне қайтарымсыз грант беру, сондай-ақ, төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсыну көзделген.
Әрине, жаңа технологияларды енгізу қосымша қаржы мен техникалық дайындықты талап етеді. Дегенмен, кәсіпкерлерге бұған бейімделу үшін жеткілікті уақыт қарастырылған. Тіршілік нәрін үнемдеуге арналған жаңа жоба 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мади Базарбеков
Өзбекстан суды үнемдеуді күшейтеді
Өзбекстанның ирригациялық жүйелерінде жыл сайын шамамен 8 млрд текше метр су ысырап болады. Кей бөлігі еш кәдеге аспай, топыраққа сіңіп немесе буға айналып жатыр. Көрсеткіш Қарақалпақстан, Наманган, Науаи, Хорезм және Бұхара облыстарында тым жоғары.
Көрші ел мәселені шешу үшін алдағы жылы тіршілік нәрін үнемдеудің қатаң режиміне көшеді. Мәселені шешудің бір амалы су арналарын бетондау болып отыр. Үнемдеу шараларына шаруалар да дайын. Мемлекет оларға несие ұсынып, 14 пайызбен қаражат береді.
Өзбекстанда тіршілік нәрінің 90 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталады. Оның көп бөлігі мақта алқаптарына жұмсалады. «Ысырап басқа мемлекеттермен салыстырғанда шамадан 2-3 есе көп», - дейді мамандар.