Қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек: Жәрдемақы мөлшері қандай? Енді АӘК тоқсан сайын тағайындалады
Қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек: Жәрдемақы мөлшері қандай? Енді АӘК тоқсан сайын тағайындалады
5 жыл бұрын 2170 Молдир Калыкова, Тұрар Қазанғапов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдан бастап 347 мың отбасыға жәрдемақының жаңа түрі берілетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Министр бұл туралы Нұр-Сұлтанда "Атаулы әлеуметтік көмек бойынша мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы" тақырыбында өткен Үкімет сағатында айтты.

"Атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендердің 60 пайызы көпбалалы отбасыларға тиесілі. Бұл ең әлжуаз топқа жататындары. Баланың саны көбейген сайын ауыртпашылық да артады, осыған байланысты заң жобасы бойынша 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға бөлек жаңа жәрдемақы қарастырылды. Яғни, 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасының табысына қарамастан, жәрдемақы енгізу көзделіп отыр. Есебіміз бойынша жаңа жәрдемақыға жаңа жылдан бастап 347 мың отбасы ие болады. 42 500 теңгеден 74 000 теңгеге дейін", - деді министр үкімет сағаты барысында.

Сондай-ақ, Нұрымбетов министрліктің қарашадан бері "Азаматтарға арналған үкіметпен" бірлесе отырып, жаңа жәрдемақыға қатысты мәселелер бойынша жұмыс істегенін айтып өтті.

Енді АӘК тоқсан сайын тағайындалады - министр

Енді атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Нұр-Сұлтанда "Атаулы әлеуметтік көмек бойынша мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы" тақырыбында өткен Үкімет сағатында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Еске салайық, мұның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа әлеуметтік көмектің ашық әрі әділ жолмен тағайындалуын тапсырған болатын. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмектің мемлекеттік саясатына өзгерістер енгізілген еді.

"Атаулы әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж қиын өмірлік жағдайға тап болған және өз бетінше сол жағдайдан шыға алмайтындарға тағайындалатын болады. Бірақ, АӘК-ның біраз тетігі өзгерді. Мысалы, бүгінгі таңда АӘК енді 6 айға немесе 12 айға ғана тағайындалады. Бізде 18 жыл бойы АӘК тоқсан сайынғы тәртіппен төленген болатын. Енді сол тәртіпке оралайын деп отырмыз. Себебі, қазір, өздеріңіз де өңірге шыққанда байқап, естіп отырсыздар, 6 айға, 12 айға тағайындалғаннан кейін оның келесі тоқсандарында есептіктері, талаптары заң бойынша жеткілікті. Менің жеке пікірім, біз осындай шарттарды, міндеттемелерді неғұрлым көп енгізсек, соғұрлым халықты көп қинап, теріс әрекеттерге итермелеп отырамыз. Оның үстіне, тоқсан сайын отбасының табысы өзгеруі мүмкін, жоғарылау жағына немесе төмендеу жағына да", -  деді министр үкімет сағатында.

Сондықтан да Нұрымбетов тоқсан сайын отбасы табысы өзгеруі мүмкін екенін және сондықтан АӘК-ні тоқсан сайын ғана тағайындауды жөн көрдік дейді. Бұдан бөлек, үкімет сағатында АӘК-нің тағы қандай тетіктері өзгергені, осы саладағы проблемаларды шешу жолдары және Президент жолдауындағы қай тапсырмалар орындалғаны талқыланды.

0 пікір
Мұрағат