Қандасымыз жасаған шаңырақ үлгісіндегі аспашамдар саудаға шығарылды (ФОТО)
Қандасымыз жасаған шаңырақ үлгісіндегі аспашамдар саудаға шығарылды (ФОТО)
10 жыл бұрын 5407

BAQ.KZ ақпарат көзінің хабарлауынша Қазақ киіз үйінің қасиетті шаңырағы енді қаладағы үйлерге де сән бермек. Астанада тұратын қандасымыз Майрам Қабдырахманұлының шаңырақ үлгісінде жасаған аспашамдары саудаға шығарылған.

Көздің жауын алатын аспашамдардың дизайнын Майрам Қабдырахманұлы өзі жасайды. Шаңырақ үлгісіндегі шамдардың 13 түрін дүниеге әкелген «Қайсар елім» ЖШС осы жылдың соңына дейін тағы 14 түрлі аспашамды базарға салмақ. 3 жылда бұндай шамдардың 87 түрін өндіруді жоспарлап отырған кәсіпкердың айтуынша аспашамдарға қажетті жабдықтардың ешқайсысы Қазақстанда жоқ екен.

«Бұл шамдардың барлық жабдықтары біздің тапсырысымыз бойынша Тайванда өндірілуде. Өйткені, біз қолданып отырған металдің өзі Қазақстан түгілі ТМД елдерінде жоқ. 1-0,8 миллиметр қалыңдықтағы бұл металл қазіргі таңда Жапония, Германия және Тайвань сияқты санаулы ірі елдерде ғана шығарылуда. Сондай-ақ, біз Еуропаның хрустальдары мен Иранның мәрмәрін, фафорын пайдаланып отырмыз. 5 ваттық LED шамдарды да сол Тайвань аралынан әкелеміз. Біздің бұл шамдар Қазақстанда қолданып жүрген қарапайым шамдарға қарағанда энергияны 8 есеге дейін үнемдейді. Бір апта бұрын ғана ашылуы болған жұмыс орнында 10-ға жуық кісі еңбек етуде. Олар арнайы Тайваннан шам құрастырудың технологиясын үйреніп келіп, осы арада құрастырып, орнатып жатыр. Қажетті жабдықтардың 70 пайызын елде өндіру мақсатымен биыл маусым айында 5150 шаршы метрді құрайтын Астанадағы зауытымыздың құрылысын бастамақпыз. Зауыт ашылысымен 70 адамға, ал 3 жыл ішінде 130 адамға жұмыс берсем деген жоспарым бар»,-дейді «Қайсар елім» ЖШС-ның директоры Майрам Қабдырахманұлы.

Қазақтың шаңырағын жаңаша үлгімен қала қазағына сыйлап отырған ұлтжанды қандасымыз биылғы жылдың атаулы күндерін де аспашамдар арқылы бейнелеуді қағыс қалдырмапты. Астана қаласының мерейтойына арнап диаметрі 75 сантиметр, ал, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап диаметрі 550 миллиметр болатын аспашамдардың әрбірінен 1000 данасын дайындаған кәсіпкер өнімдеріне шаңырақ үлгісін не үшін таңдағанын тебірене жеткізді. 

«Шаңырақ деген киелі ғой. Мен шырақтарды тектен-текке шаңырақ үлгісімен жасай салған жоқпын. Осыдан он жыл бұрын Қытайдың бір жайулауында шағылып жатқан шаңырақты көрдім. Оны қарағайға байлап, сырмақ сүйретіп барып жата жастанып, қайың ағашымен шегелеп қайта құрастырған едім. Киелі шаңырақтың айдалада шағылып жатқаны маған ауыр ой салды. Содан бастап қазақтың шаңырағын далада қалдырмай, қалаға әкелудің жолын іздеумен болдым. Сөйтіп ең алғашқы шаңырақ үлгісіндегі аспашамдарды 2011 жылы Елорда тойына тарту еттім. Екі жыл өткен соң патентін алып, шам өндірісін қолға алдым»,-деп әңгімесін өрбіткен М. Қабдырахманұлы барша қазақтың қара шаңырағы болған Қазақстанға 2003 жылы отбасымен оралыпты. Қытайда мемлекеттік қызметте болып, ұстаздықпен айналысқан ол бір тамшы болса да терім атажұрт топырағына тамсын, бір балам болса да елдің кірпіші болып қалансын деп есептейді. Бір ұл, бір қызды өсіріп отырған әке Әл Фарабидің: «адамға тәрбие бермей тұрып, білім мен ғылымға үйретсең, ол жүрген ортасына апат әкеледі» деген сөзін өз ұстанымына айналдырғанын да айтып қалды. Бір қызығы кейіпкеріміз жақында ғана Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдегі Инти халықаралық британ-малайзиялық бірлескен университетінде төңкеріліп ілінген Қазақстанның көк туын дұрыстатып ілгізген қаршадай қыз Ризагүлдің әкесі болып шықты.

«Ата-бабамыздың көксеген арманына біз жетіп отырмыз ғой. Құдайға шүкір, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының күміс бақанмен көтерген алтын шаңырағына уаық болып шаншылып, кереге болып керілейік деп келдік. Төңіректің төрт бұрышындағы қазақ тәуелсіздіктің арқасында қарашаңырақ-Қазақстанға келіп жатыр. Байқасаңыз, біздің логотипімізддің өзінде осы ой бейнеленіп тұр»,-дейді ол. Осылайша атажұртын аңсап келген ағамыз қазақтың киелі шаңырағын басына көтеріп, оны әр отбасында шам етіп жаға алғаны үшін қуанады.

Майгүл СҰЛТАН,
Суретті түсірген: Нұрбек Әлмәнбетов 

0 пікір
Мұрағат