Қандай азматтар зейнетақы салымдарын мерзімінен бұрын ала алады?
|
Қазақстанда 39 мың адам зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын есеп-шоттарынан ала алады. Себебі, олар ақшаны ерікті түрде салып отыр, деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «БЖЗҚ» АҚ аймақтық желіні дамыту департаментінің директоры Наталья Павлоскаяның айтуынша, осындай санаттағы азаматтар 50 жасқа келгенде зейнетақы салымдарын мерзімінен бұрын ала алады. Дегенмен, Павлоская «қазіргі зейнетақы жүйесінің негізгі мақсат-міндетін ұмытпау керек: ел азаматтары зейнетақыға шыққаннан кейін қаржы жағынан қиыншылық көрмеуі тиіс. Егер зейнетақы салымдарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі барлық адамдарға берілетін болса, олардың болашағы не болады? Осыны ойлау қажет», - деп ескертеді. Оның айтуынша, I және II топтағы мүгедектер де зейнетақы салымдарын мерзімінен бұрын ала алады. Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитетін алған 50 жастағы әйелдер мен 55 жастағы ер адамдарға ол ақшаны пайдалануға рұқсат бар. Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымдарды мерзімінен бұрын пайдалану мәселесі қаралып жатыр. Ол ақшаға емделуге, несиені жабуға және тағы басқа шығындарға жұмсауға болады деген ұсыныс бар. Алайда сарапшылардың сөзіне қарағанда, зейнетақы жинақтарын бірден жұмсап тастаса, ел азаматтары зейнетақысыз қалуы әбден мүмкін. БЖЗҚ-ында 10,1 млн. зейнетақы салымдары бар. Соның басым бөлігі - 9,6 млн.-ы міндетті зейнетақы салымдарының үлесінде. Қазіргі кезде қазақстандықтар салған жинақтардың жалпы соммасы 6,2 триллион теңгені құрап отыр. Еске салатын болсақ, сәуір айында Зейнетақы қорындағы ақшаның жұмсалып кеткені туралы ақпарат таралған болатын, бұған байланысты ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков: - Мәліметке сай, үш жақты келісімшатқа отырған 6 банк зейнетақы қорынан 30 млрд теңге алды. Бағдарламаның іске асуын Даму қоры бақылайды. Елімізде жұмыс істейтін 35 коммерциялық банктің 30-ы бағдарлама талаптарына сай келіп тұр. Қалған бесеуі қатыспайды», - деп мәлімдеген еді.