Полицейлерді атып өлтірген алматылық лаңкестің енесі оны өлім жазасына кесуді сұрады
Полицейлерді атып өлтірген алматылық лаңкестің енесі оны өлім жазасына кесуді сұрады
8 жыл бұрын 2840

6 адамды жер жастандырған Руслан Күлікбаевтан оның жақын туыстары да жерініп отыр. Алматы іргесіндегі Ынтымақ ауылында тұратын ата-енесі күйеубалаларын талайдан бері көрмегендерін айтады. Лаңкеске күйеуге шыққан қыздарымен де тек телефон арқылы сөйлесіп келген. Сондықтан кешегі оқиға барлық әулетімізге дақ түсірді дейді күйінген ата-ана. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Тілшілердің айтуынша, Ынтымақ ауылындағы Абай көшесінде кешелі-бері кісі қарасы көп. Алты адамды атып өлтірген Руслан Күлікбаев осы ауылдың тұрғыны дегенді естіп тәртіп сақшылары да ағыла бастаған. Алайда мұнда оның ата-енесі тұрады екен. Ал қандықол күдіктінің өзі ауылға аттап баспаған. Өйткені осы үйдің жалғыз қызын алып қашқан жігіт сол бойы қайын жұртымен ат құйрығын кесісіпті. Бұған дейін екі рет сотталып шыққан күйеубаладан ата-енесі де жерініп отыр. Былтыр түрмеден шыға сала қызымызбен қайта қосылып, Байқоңыр қаласына кетті дейді олар.

"Менің үйімде тұрмайды. Ол Қызылорданың азаматы. Ол «күшік күйеу» болатын бала емес. Қызыммен танысты сонда құда-жекжат, салық салу ондай нәрсе көрмедік. Басында намаз оқиды дегенде, маған бір жақсы бала ұшыраған шығар деп ойлаппын. Содан бері бұл бала бізден қаша берді. Қызымыз айтпайды оны", - дейді Руслан Күлікбаевтың енесі Жұмахан Үмбетқұлова.

Кешегі оқиғадан есеңгіреп қалған отбасы күйеу баланың әрекетіне күйініп отыр. Он баланың ортасында әкесіз өскен Руслан Күлікбаев жат ағымның жетегінде кеткен дейді ата-енесі. Тіпті дінге берілгені сонша, әйелін төркіндерімен араластырмапты. Жұртқа оқ жаудыратындай қаныпезер екенін білмедік деген жақындары енді оған ең қатал жазаға тартуды сұрайды, - дейді телеарна тілшілері.

"Әппақ самайымды, ақ сақалды шалымды жерге қаратты мына бала. Не деймін анық қанығын сұраңыздар. Түсініктеме де жазып бердім. Атсыншы, ату жазасына бұйырсын дедім", - Жұмахан Үмбетқұлова.

Руслан Күлікбаевтың бұл ауылда тұрмағанын көршілер де растап отыр. Тіпті тұрғындар қаскөйдің көрші үйге күйеу бала екенін де білмедік дейді.

Қазір күдікті Руслан Күлікбаевтың кіші ұлы осы үйде тәрбиеленіп жатыр дейді тілшілер сюжетте оның үйін көрсетіп. Яғни төрт жасар баланы туғалы бері нағашы ата-әжесі бауырына басқан. Ал әйелі Аяулымды құзырлы орындар бүгін Байқоңыр қаласынан Алматыға жеткізіпті. Оны тәртіп сақшылары сұрақ-жауаптың астына алмақшы. (Дереккөз: КТК)

Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев болып шықты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі арандатушылықтарға сенбеуге шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Президенті қаладағы жағдайды тұрақтандыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмек көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Алматыға ұшып, шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді. Министр төрт бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

2 пікір
  • Қызық екен, енесі өз қағанағынан шыққан баласына өлім жазасын сұраса, жарасатын еді, мынау шектен шыққандық екен, Кім оған құқық беріпті, туысқандықтың да шегі болмаушы ма еді. Бұл біздің моралдық тұрғыдан қаншалықты азып-тозғанымызды көрсетсе керек
    8 жыл бұрын
  • Одан кім ақыл сұрапты?
    8 жыл бұрын
Мұрағат