Пандемияда жұмыстан шығып қалған жағдайда өтемақы талап етуге бола ма? Заңгер түсіндірді
Пандемияда жұмыстан шығып қалған жағдайда өтемақы талап етуге бола ма? Заңгер түсіндірді
4 жыл бұрын 2609 Молдир Калыкова

Қазақстанда жеті айда жұмыссыздар саны 8 есе көбейген, яғни карантин кезінде 1,3 миллион адам жұмыссыз отырған, 800 мыңнан аса бизнес нысаны жұмысын уақытша тоқтатып, кейбірі тіпті жабылған. Пандемияда жұмыстан шығып қалған жағдайда немесе компания жұмысын тоқтатса, қызметкер қандай өтемақы талап ете алады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі заңгер Нариман Сүлейменов айтып берді.

Сүлейменов пандемияда жұмыстан айырылғандарға әрқайсына заң бойынша кем дегенде ең төмен жалақы мөлшері төленуі керегін айтады.

"Қазіргі пандемияда компания қызметін уақытша тоқтатып, қызметкер жұмыссыз қалса, ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 10-тармағы ("бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап тұруы") бойынша қызметкерге міндетті түрде заң тұрғысында өтемақы берілуі керек.

Компания қызметін уақытша тоқтатқанда салық аударымдары жүргізіледі, сондықтан қызметкер жұмыстан шығарылмайды, яғни еңбек келісімшарты бұзылмайды. Бірақ бұл жағдайда басшылық кем дегенде ең төмен жалақы - 42 500 теңге төлеуі қажет. Ал егер қызметкер компания уақытша жұмысты тоқтатқан кезде жалақының сақталуынсыз берілетін демалысқа шықса жұмыс беруші оған қандай да бір төлем жасауға міндетті емес", - дейді заңгер.

Маман компания уақытша тоқтатылған болса да ол жалақы табелінде көрсетілуі керегін айтады.

Сүлейменовтің айтуынша, қызметкер өз еркімен жұмыстан шыққан жағдайда бір айлық еңбек демалысына тең төлемді алуға құқы бар. Ал кей мемлекеттік қызметкер үш айлық жалақысын алуы мүмкін. 

Сондай-ақ, заңгер қысқартуға ұшырағандарға кей жұмыс беруші үш айға дейін жалақы төлейтінін айтады. 

"Ал егер де қызметкер жұмыс өтілі бір жылға жетпей жұмыстан шығатын болса, онда оған компания мен жұмысшы арасында келісілген шарт бойынша есеп айрысады. Қызметкердің айлығына байланысты төлем беріледі. Қызметкер жұмыстан шығуды ұйғарса, қанша уақыттан кейін жұмыстан кетуі тиіс екені де көрсетілуі керек. Көбіне компания шарттарында бір ай қосымша жұмыс уақыты көрсетіледі. Яғни қызметкер жұмыстан шығуды ұйғарса, бір ай қосымша жұмыс істеп барып қана шыға алады. Ал кейбір шарттарда бұл мәселе мүлде көрсетілмейді", - дейді маман.

0 пікір
Мұрағат