Н.Назарбаев: Өмірдің мәні – Аллаға құлшылық ету, дұрыс өмір сүру, ұрпаққа болашақ қалдыру
Н.Назарбаев: Өмірдің мәні – Аллаға құлшылық ету, дұрыс өмір сүру, ұрпаққа болашақ қалдыру
10 жыл бұрын 6991

Астананың «жасыл белдеуіндегі» жағдаймен танысқан соң, журналистермен ашық-жарқын сұхбат құрған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «өмірдің мәні неде» деген сауалға өсиетті жауап берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Бәрі өмірдің мәнін танығысы келеді... Мен аз жасаған жоқпын, өмірден алған тәжірибеме қарап айтарым, өмірдің мәні неде деп ойлану құр дүние. Өмірдің мәнін Жаратушы Алла туған кезде қанымызға сіңірген, сондықтан, әуел баста-ақ қай уақытта не істейтініміз, қашан оқу оқимыз, қашан үйленіп, қанша жыл өмір сүріп, қашан өмірмен қоштасатынымыз маңдайымызға жазылып қойған... Сондықтан, өмірдің мәні не деп ойлаудың қажеті жоқ. Тағдыр деген бар... Тағдырдан бір сәт те кейін, не ілгері жүре алмаймыз. Бірақ, адамзат су тасқынынан сақтанамын деп, жер сілкінісінен қашамын деп шара қолданады ғой, үстіңе көлік құлап келе жатса, сен секіріп қашасың ғой. Сол сияқты, тағдырдың кейбір сынақтарымен сен күресе аласың және жеңе де аласың», - деген Елбасы журналистің сұрағына жауабын жалғастыра отырып, өмірдің мәні адамның жақсы өмір сүруінде деген ойын жеткізді. 

«Сондықтан, өмірдің мәні қарапайым адам үшін – жақсы өмір сүру, өз Отаныңның болашағы үшін еңбектену. Басты қатырмай, бүгінгі күнмен өмір сүру. Ал, біз «қай жерден қателестім екен» деп үнемі не кешегі күнмен, «ертең не болар екен деп» не ертеңгі күнмен өмір сүреміз... Біз ертең не болатынын білмейміз ғой. Қазір мен осы жерде сөйлеп тұрмын, 5 минуттан кейін бұл тарихқа айналып шыға келеді... Енді оралмайтын нәрсені ойлап не қажеті бар? Кеткен кетті ғой... «20,30 жылдан кейін не болар екен деп» тағы айтамыз. Біз, тіпті, ертең не болатынын білмейміз. Табиғат пен Жер-ана соншалықты «нәзік», оның айналасында неше түрлі қауіп бар. Адам басына келетін неше түрлі нәрсе бар. Оның барлығын ойласаң, өмір сүре алмайсың. Алла бізге жан берген кезде қашан өлетініңді айтқан жоқ, оны білетін болсақ, өмірдің өзі сұмдық болар еді. Сондықтан, өмірдің мәні, дінімізде айтылғандай, Аллаға қызмет ету, дұрыс өмір сүру...Өкінішке қарай, адамзаттың барлығы тура жолмен жүрмейді. Өмірдің мәні – жақсы, дұрыс өмір сүру, жақындарыңды жақсы көру, Отаныңды сүю, ұрпағыңа болашақ қалдыру», - деді өз ойын қорытқан Н.Назарбаев. 

1 пікір
  • Күшті жауап! бірақ кей кезде бұндайды өзің түсініп, өз өміріңмен ұштастыра сезіп, тұжырымдамасаң, оқығандарың бекер не ұмыт болып қалады екен
    10 жыл бұрын
Мұрағат