Медсақтандыру саласында жаңа жаза енгізілді
Медсақтандыру саласында жаңа жаза енгізілді
4 жыл бұрын 2379 Жанат Ардақ

Inbusiness.kz таяуда сақтандыру жарнасы төленгеніне қарамастан 700 мыңнан астам адам медсақтандырудан тыс қалғанын мәселе етіп көтерген болатын. Осыдан кейін Үкімет жедел шараларды қолға алды. Нәтижесінде, қатардан заңсыз шығарылған 740 мыңдай азаматтың МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілді. Оның алдында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) ол адамдардың берешегі бар деп, мәртебесін «сақтандырылмағанға» өзгертіп жіберген. Шынында, осы «қара тізімге» кіріп кеткен кәсіпкерлер және жұмыс берушілер Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес, «0» коэффициентін қолдануға көшкен-тін. Яғни, қорға жарна аударудан 1 қазанға дейін босатылды.

«Біз келіп түскен өтініштерге талдау жасадық, сөйтіп азаматтардың «сақтандырылған» мәртебесі болмауының негізгі себептерін анықтадық. Қазақстандықтардың бір бөлігі қатаң карантин кезінде МӘМС жүйесіне жарна төлеу мүмкіндігінен айрылды. Олар медициналық көмекке қол жеткізуі үшін қолдау қажет. Қор тиісті ұсыныстарды әзірледі, оларды Денсаулық сақтау министрлігі мен ел Үкіметі қолдады», – дейді ӘМСҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов.

Талдау тағы біраз былықтың бетін ашты. Біріншіден, елімізде жеңілдігі бар санаттар белгіленген. Оларға: 1) балалар; 2) ресми тіркелген жұмыссыздар; 3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 4) 3 жасқа толмаған бала тәрбиесіндегілер; 5) бала туу немесе сәбиді асырап алуға байланысты 3 жасқа дейін оған күтім жасауға декреттік демалыс алғандар; 6) мүгедек бала күтімімен айналысатындар; 7) зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері; 8) түрмеде жазасын өтеушілер; 9) тергеу изоляторында отырғандар; 10) жұмыс істемейтін қандастар (оралман); 11) марапатталған көп балалы аналар; 12) мүгедектер; 13) студенттер; 14) балалық шақтан І топ мүгедегінің күтімімен үйде отырғандар; 15) АӘК алатын жұмыссыздар.

Бұлар үшін қорға меджарнаны мемлекет төлейді. Алайда, көктемде Үкімет 42 500 теңге әлеуметтік төлемақы төлей бастағанда осы санаттағылардың кейбірі БЖТ төлеп, соған өтініш беріпті. Осыған байланысты ақпараттық жүйелер оларды автоматты түрде БЖТ төлеушілер, яғни фрилансер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына ауыстыра қойған. Тиісінше, олар Saqtandyry базасында жеңілдікті санаттардан шығарып тасталыпты. Бұдан бөлек, ТЖ кезінде көптеген компанияның жұмысы тоқтағандықтан жалдамалы қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ, адвокат, нотариус секілді жеке практикамен айналысатын тұлғаларға МӘМС жүйесіне жарна төлеу доғарылды. Бұлардың бәрін емхана-клиникалар емдеуден жаппай бас тартты. Тіпті, ауруы жанына батып, қиналып тұрғанын көрсе де базада «сақтандырылмаған» деген мәртебесін көріп, қарамай қойды. Бұл елдегі әлеуметтік кернеудің өршуіне соқтыратын еді.

Сондықтан Үкімет келесі шараларды қолдады: біріншіден, жалдамалы қызметкерлердің соңғы 3 айда кемінде 1 төлемі болса және төлемдер бойынша берешегі жыл басынан бері 2 айдан аспаса, онда МӘМС жүйесіне оралады. Екіншіден, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындар да дәл осындай талапқа сай келсе, «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Бірақ бұл үшін Мемлекеттік кірістер комитеті олардың ТЖ-ға байланысты қызметін тоқтатқанын (салық төлемегенін, патентін уақытша тоқтатқанын) растауы керек. Үшіншіден, ТЖ кезеңінде 42,5 мың көмек алу үшін БЖТ төлеген жеңілдікті санаттағылардың ол төлемі есепке алынбайды да, сақтандыру мәртебесі автоматты түрде орнына келтіріледі. Төртіншіден, COVID-19 індетімен күрестің шектеу шараларына байланысты мәжбүрлі түрде ақысыз демалыста болған қызметкерлердің осы кездегі берешегі есептен шығарылады. Алайда, олар демалыстан шыға сала жарна аудара бастауы шарт. Әйтпесе, тағы да сақтандырылған мәртебесінен айырылады.

«Бұл шаралар қазірдің өзінде медициналық сақтандыру жүйесіне шамамен 740 мың адамды қайтарды. Осы санаттарды базаға қосу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Демек, сақтандырылғандар саны алда арта түседі. Осылайша, коронавирус пандемиясына байланысты табысынан айырылған немесе жеңілдікті санатынан шығып қалған қазақстандықтар медсақтандыру жүйесіне оралады және медициналық көмектің барлық көлемін ала алады», – деді қор басшысы.

Оның сендіруінше, «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін азаматтарға қандайда бір жерге барудың қажеті жоқ. Барлық деректер ақпараттық жүйелерде автоматты түрде жаңартылады. Бұған қоса, ӘМСҚ қоры 2020 жылдың 1 қазанына дейін «0» коэффициентін қолдануына орай МӘМС жарнасынан босатылған шағын және орта бизнес қызметкерлеріне әлгі мәртебені беру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл науқан 800 мыңнан астам ШОБ өкілін қамтуға тиіс.

Осында гәп бар: Үкімет шешімімен ӘМСҚ алымынан уақытша құтылған жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тізімін уақытылы ұсынып, Saqtandyry базасында тіркетіп үлгеруі шарт. Егер тізімді ұсынып үлгермесе, тіпті, заңды түрде жарнадан босатылғанына қарамастан қор оны жазалайды: 2020 жылғы 1 қазаннан кейін олардың бәрінен базада тіркелмеген әрбір қызметкерінің медсақтандыру жарнасын және оған есептелген өсімпұл-пеняны төлеу талап етіле бастайды. Ол жарна мен өсімпұл қызметкер жалақысынан ұсталады.

Кәсіпкерлер мен компаниялар басшылары Үкіметтің атақты №224 қаулысына сай өздерінің ӘМСҚ жарнасын төлеуден босатылғанын не босатылмағанын өз бетінше былайша тексере алады: бұл үшін kgd.gov.kz сілтемесі бойынша өтіп, БСН-ді (жеке кәсіпкерлер ЖСН-ін) теруі қажет. Қор қайта-қайта сақтандырады: егер жұмыс беруші базада тіркелу рәсімінен өтіп үлгермесе, онда биылғы 1 қазаннан кейін оларға меджарна берешегі өсімпұлымен бірге келеді. Жарнасы уақытша төленбейтін қызметкерлеріне «сақтандырылған» мәртебесін қайтару үшін жұмыс берушілер msb.fms.kz/login сілтемесімен өтіп, міндетті түрде тіркелуге тиіс. Тіркелу үшін заңды тұлғаның не жеке кәсіпкерліктің электронды цифрлық қолтаңбасы керек. Сол арқылы «пайдаланушылар келісіміне» қол қойып, содан кейін өз қарамағындағы барлық қызметкерлерінің ЖСН-ін қосуы қажет. Қандай да бір мәселе туындаса, 8 (7273) 31-01-41 жұмыс телефоны немесе 8 777 330 0352 (WhatsApp) ұялы телефон нөмірі арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына хабарласуға болады.

Өз кезегінде «Атамекен» палатасы да кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, қызметкерлері мәртебе алуы үшін әлгі порталда тізімді өзектілендіру керектігін бизнесмендерге жеткізуде екен. 

0 пікір
Мұрағат