Медсақтандыру саласын үлкен бетбұрыс күтіп тұр? Тегін медицина тексеруінен қалай өтуге болады?
Медсақтандыру саласын үлкен бетбұрыс күтіп тұр? Тегін медицина тексеруінен қалай өтуге болады?
3 жыл бұрын 2185 Жанат Ардақ

Жаңа қадам МӘМС жүйесіне миллиондаған адамның кіруіне жол ашпақ, деп жазады Inbusiness.kz.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» дерегінше, қазіргі кезде еңбектеген баладан еңкейген қарияларды қоса алғанда, небары 15,9 миллион қазақстандық медсақтандырылған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан тұрғындарының саны бүгінде 18 млн 984,8 мың адамға жетті. Қарапайым арифметика көрсеткендей, МӘМС жүйесінен 3 миллионнан астам адам тыс қалып тұр. Бұдан да сорақы сандар бар. Мысалы, ӘМСҚ қорының төл «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесінің дерегінше, елімізде 4,2 миллион адам сақтандырылмаған! Бірақ, қордың және Үкіметтің өзі бұл деректі жалған деп тапты: «ақпараттық жүйеде сақтандырылмаған тұрғындардың саны қате қалыптастырылады».

Себебі, онда Қазақстан азаматтарының дербес деректерін өзектілендіру тетігі жоқ көрінеді. Мысалы, шетелдің азаматтығын алып, сыртқа кеткен адамдар, қайтыс болғандар тізімде тұр. Сондықтан медсақтандыру қорына Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, олқылықты түзеу, қордың ақпараттық жүйесін ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмысын жүргізу жүктелді. Сонда шетел асқандар және бақи дүниеге аттанған азаматтар ӘМСҚ тізімінен уақытылы алынып тасталмақ. Қалай болғанда, медициналық міндетті сақтандыру жүйесіне миллиондаған азаматтардың кіре алмай қалғанын қор да, Денсаумині де жоққа шығармайды.

Бұл миллиондар – кімдер?

Гульфия Сабырова – үй шаруашылығындағы ана.

«Менің барлық шаруам – кішкентай баламыздың тәрбиесі, күйеуімнің күтімі, үйдегі шаруалар. Жұбайым жұмыс істемей-ақ қой деген, тамағының тоқтығы, киімінің тап-таза, үнемі үтіктелген күйде тұратыны, бала бағудан босатылғаны оған ұнайды. Оның табысы шағын отбасымызға жетеді. ХҚКО-дағылар маған «өнімсіз өзін-өзі қамтушы» деген мәртебе берді және ай сайын МӘМС жарнасын төлеп тұруым керектігін айтты. Спортпен айналысамын, дәрігерге жүгіне қоймайтын адаммын. Бала үшін ғана емханаға баратынмын. Жақында сырқаттанып, дәрігерге көрінбек болдым, бірақ емхана қабылдамады», – дейді ол.  

Қордағылар өткен бір жыл үшін жарна енгізбей, сақтандырылған мәртебесін алмайтынын ескертіпті.

«Мұнысы әділетсіздік екен. Мен жылдар бойы қалалық емханаға жүгінген емеспін, яғни денсаулық сақтау жүйесіне еш салмақ түсірмедім. Өз денсаулығымды өзім нығайттым. Алайда, бір рет дәрігерге қаралғым келгенде, мемлекет менен бірден өткен бір жыл үшін жарна өндіртіп алмақ. Осынысы әділетті ме? Оның үстіне емханаға барып жүріп, оның медициналық қызметі төмен деңгейде екенін байқадым, көптеген тар салалы дәрігер жоқ. Сонда нет үшін төлеуім керек?», – дейді үйбикесі. 

Ал Антон Балацюк МӘМС жүйесі енгізілгелі тұрақты жарна төлеп келіпті.

«Қаңтар айынан өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып табыламын. Ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп тұрамын. Бұған мұқият қараймын, себебі дәрігерлердің ұдайы бақылауын талап ететін созылмалы сырқатым бар. Таяуда емханаға барсам, көмек көрсетуден бас тартты. Сақтандырылған мәртебесін жоғалтқансыз дейді. Мәселенің басын ашу үшін себебін анықтауға кірістім. Қорға хабарлассам, карантин кезіндегі бір ай үшін жарна бойынша қарызымды өтемейінше мәртебем өзгермейтінін айтты. Былтырғы ол айда жұмысымды жоғалтып, табыссыз қалған болатынмын. Бір ай үшін адамды осынша сергелдеңге түсіріп, жүйкесін жұқартуға бола ма? Неге менің қаншама ай бойы жарна төлеп келгенім неге есепке алынбайды», – дейді ол. 

Бұл проблемаға қатысты Энергетика министрінің экс-орынбасары, биылғы қаңтар соңында ақталып шыққан Анатолий Шкарупа үн қосқан болатын. 215 миллион теңге бюджет қаражатын талан-тараж етті деп айыпталған Шкарупа 2018 жылғы қарашада ұсталды, содан бері ол алдымен 19 ай бойы изоляторда, кейін үй қамағында отырды.

«СИЗО-да отырғанымда, заң бойынша менің атымнан мемлекет жарна аударып, соның арқасында «сақтандырылған» мәртебесін иелендім. Таяуда мені ақтаған сот шешімі күшіне енді. Содан соң жұмысқа орналасып, ӘМСҚ-ке жарна аудара бастадым. Алайда, соған қарамастан, «сақтандырылған» мәртебесінен айырылып қалдым. ӘМСҚ түсіндіруінше, сақтандырылған мәртебесін иеленуім және осы жүйе арқылы медициналық көмек алуым үшін үй қамағында болған бүкіл кезең үшін жарна төлеуіме тура келеді. Қор менеджері Жүнісбекова сол кезең үшін төленбеген сома – менің қарызым болып саналатынын мәлімдеді. Бұл енді масқара! Медкөмек алу үшін 12 айға жарна төлеуім керек екен, тек сонда ғана жүйедегі мәртебем қалпына келтіріледі», – деп шағымданды экс-вице-министр.

Енді жағдай қалай өзгеруі мүмкін?

Денсаулық сақтау министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат МӘМС жүйесінен тыс қалған миллиондаған азаматқа 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жүйеге кірудің жаңа мүмкіндігін ұсынады.

«Дербес төлеушілер 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қорға төлем күнінің алдындағы 12 айы үшін республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде жарналар төлейді, 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар болып белгіленсін», – делінген заң жобасында.

Бұл нені білдіреді? Қазіргіден айырмашылығы неде? Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, ӘМСҚ оң мәртебе алу үшін қарыз болып қалған адамнан өткен жылдың 12 айы үшін берешекті өтеуді талап етеді. Бұл талап сол айларда дәрігерге қаралмаған, емханаға жүгінбеген азаматтар үшін негізсіз, әділетсіз көрінеді. Енді ДСМ адамдардан арттағы емес, алдағы 12 үшін төлем төлеуді өтінбек. Сонда 1 жылға «медсақтандырылған» мәртебесін иеленеді. Өткен айлар үшін берешекті өтеу қажет болмайды.   

«Қазақстандағы тіркелмеген жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға сақтандырылған мәртебесін беру тәсілін өзгерту ұсынылып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін МӘМС бойынша болашақ кезеңдерге жарна төлеу әлдеқайда тартымды болып табылады. Сондықтан, сақтандыру мәртебесін алу үшін 3 жыл бойы жарналарды алдағы 12 айға алдын ала төлеуді енгізу ұсынылады. Бұл 25,5 мың теңгені құрайды. Бұдан әрі ай сайын 2 125 теңгеден төлеп отырады», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның байламынша, осылайша, қазақстандықтардың МӘМС жүйесіне кіруінің және медициналық көмек алуының шарттары анағұрлым жақсарады. «Авансы» төленген бір жыл өткен соң ары қарай азамат ай сайынғы екі мың теңгеден астам жарнасын төлеп тұруы керек.

«Осы арқылы бір мезгілде жұмыссыздардың немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір бөлігінің сақтандырылған мәртебесін алу мәселесі, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мәселесі қатар шешіледі», – деген ұстанымда ДСМ.

Тәуір, әрі әділетті шешім табылғанға ұқсайды. Жаңа заң жобасы күзде оқушылармен бірге каникулдан оралатын Парламент депутаттарының назарына ұсынылады. Бастаманың қаншалықты жылдам өмірге жолдама алатыны депутаттарға да байланысты болмақ. 

Тегін медицина тексеруінен қалай өтуге болады?

Аурудың алдын алып, оны дер кезінде анықтап отыру қажет. Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар ма? Ол ақылы ма, әлде ақша төлемей-ақ ағзаны қаратып алуға бола ма? Тексеруден өткісі келетін адам бірінші неден бастауы керек? Қайда барып, қандай анализ тапсырады? Бұл сауалдарға жалпы практика дәрігері, эксперт Розгуль Жекешова жауап берді. Бұл жайында baribar.kz порталының ақпараттық-анықтамалық материалынан біле аласыздар. 

1. Медицина тексеруінен өтудің қандай түрлері бар?

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы кодексі 86-бабы бойынша, медицина тексеруінен өтудің міндетті және профилактикалық деген екі түрі бар.

Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзімді, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) болып бөлінеді.

  • Алдын ала міндетті медицина тексеруі жұмысқа орналасарда, оқуға түсерде адамның кәсіпті қаншалық атқара алатынын немесе оқуға қаншалық жарамды екенін анықтау үшін өтіледі. Кәсіпке қатысты аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
  • Мерзімді міндетті медициналық қарап-тексеру жұмыс істейтіндердің денсаулығын бақылау үшін өтіледі.
  • Ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медицина қарауы жеке тұлғаның еңбекке уақытша жарамсыз/жарамды екенін, оның ішінде алкогольді, есірткіні немесе басқа да мастықты анықтау үшін жүргізіледі.
  • Ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медицина қарауы жұмыс ортасында немесе аяқталған соң қызметкердің денсаулығын бақылау үшін керек.

Профилактикалық түрі туралы келесі картадан оқыңыз.

2. Міндетті медицина тексеруінен кімдер өтеді?

Жоғарыда айтқан 86-бап бойынша, жылына бір рет мына топтағы азаматтар профилактикалық медицина тексеруінен өтеді:

  1. мектеп жасына дейінгі балалар:
  • бала 1 жасқа дейін ай сайын салмағы, бас көлемі өлшенеді, рефлексі тексеріледі;
  • 3 және 5 айлығында вакцина салынады;
  • 2 жастан бастап офтальмолог (көз дәрігері) пен неврапотолог, лорға қаралу қосылады;
  • 4 жастан бастап окулиске тексерілу қосылады;
  • 5-6 жаста баланы эндокринолог та қарайды. Ол баланың қант диабетіне, семіздікке шалдықпауының алдын алады, бала өспесе, себебін анықтайды және тағы басқа қызмет көрсетеді.
  • 7-8 жаста баланы урологқа көрсетуге болады. Оны балалар гинекологы қарауы қажет. Баланың анасы міндетті түрде жанында болуға тиіс.

2. мектеп жасындағы балалар;техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі студенттер;

3. жоғары білім беру ұйымдарының білім алушылары (бакалавр, магистратура, докторантура студенттері;

4. халықтың белгілі бір тобы (созылмалы аурулары бар азаматтар).

Профилактикалық медицина тексеруінен өту – тегін. Оны мемлекет Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен төлейді. Тізімі мына жерде.

3. Медицина тексеруінен қалай тегін өтуге болады?

Негізі әр поликлиника өзіне тіркелген азаматтарды тексерілетін ауру түрі мен жасына байланысты жылына, 2 жылда, 3 жылда бір рет тексеруден өтуге шақырады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы кез келген азаматы өз бетімен медицина тексеруінен өте алады. Оның бәрі дерлік тегін. Тегін болуы үшін өзі тіркелген аурухандан өтуі керек. Азаматтың тексерілуге кететін ақысы Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Медициналық сақтандыру есебінен төленеді.

4. Тексеруден өту неден басталады?

Әуелі тұрғылықты жеріңізге жақын аумақтағы поликлиникаға тіркеліңіз. Оның үш жолы бар:

  • жеке басты куәландыратын құжатты (жеке куәлік немесе төлқұжат) алып, емханадағы тіркеу орнына барып, өтініш жазу  қажет.
  • Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазу. Тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжат болуға тиіс (жеке куәлік немесе төлқұжат). Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.
  • Egov.kz сайтына кіріп, поликлиникаға тіркелуге өтініш қалдырасыз. Ол үшін сайттың басты бетіндегі "Денсаулық сақтау" бөлімін таңдайсыз. "Медициналық көмек" бөлімі ашылады. Сол жерден "Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін басыңыз. "Онлайн сұрау" қызметіне тапсырыс беріңіз. Өтініш беру қадамдары шығады, оған өз дерегіңізді енгізесіз. Сосын "Сұраныс өңделуде" мәртебесі шығады. Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.

Поликликадағы қай терапевтіге тіркелетініңзді білу үшін тіркеу бөліміне хабарласу керек.

5. Емханаға тіркелген соң не істеймін?

Поликлиниканың тіркеу бөліміне барып немесе сол бөлімге қоңырау шалып профилактикалық медицина тексеруінен өтуге жазыласыз. Болмаса, учаскелік дәрігеріңізге хабарлассаңыз болады.

6. Медицина тексеруінен өту үшін қандай анализдер тапсыру керек?

Регистрация бөлімі сізді мынадай төрт түрлі тексеруге жібереді:

  • флюорография: оның қорытындысы бойынша, өкпеден қандай да бір көлеңке байқалса, рентгенге түсіреді. Нәтиже жақсы болмаса, пульмонология орталығына, фтизиатр (туберклезды емдейтін дәрігер) қарауына жібереді. Өкпедегі көлеңкенің не екені рентген арқылы анықталмаса МРТ-ға немесе КТ-ға бағыттайды. Өз поликлинкаңыздың жоламасымен барсаңыз, тексеру ақысы Медициналық сақтандыру есебінен төленеді.
  • микрореакция тексеруі: бұл – көбіне жыныстық жолмен жұғатын мерез (сифилис) ауруының бар-жоғын анықтайтын анализ түрі. Бұл тексеруден жасы жыныстық жетілуге жеткен азамат әр 10 күн сайын өте алады. Азаматта мерез ауруы анықталса, Тері диспансеріне жолдамамен жіберіліп, сонда емделеді.
  • жалпы қан анализі: бұл анализ адамның жалпы денсаулығын анықтап береді.
  • кіші дәрет анализі: бұл анализ арқылы бүйрек, несеп жолдары, қант диабеті, буын ауруларын және тағы басқа ауруларды анықтауға болады.

7. Азаматтар жасы бойынша қандай скрининг тексеруінен өтуге тиіс?

Кей аурудың бар-жоғын анықтауға азаматтар жасы бойынша шақырылады. Бұл скрингіні де Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен мемлекет төлейді:

  • әйелдер – 30-70 жас - сүт безі қатерлі ісігі; жатыр мойны ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – жүрек-қан тамыры аурулары;
  • ерлер – 40-70 жас – қуықасты безі қатерлі ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – глаукома (суқараңғы) ауруы;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – қант диабеті.

Бұл жасқа жетпеген азамат тіркелген поликлиникасына барып, тегін тексеріле алады. Кәмелет жасына толмаған азаматтың жанында ата-анасы немесе қорғаншысы болуы керек.

8. Емхана өзіне тіркелген азаматтарды тексеруден өтуге шақыра ма?

Емхана өзіне тіркелген азаматтарды медицина тексеруінен өтуге арнайы шақырады. Дегенмен шақыру халықтың жасы мен тексеруден өтетін ауру түріне байланысты кезеңдерге бөлінеді. Мысалы, сүт безі ісігінің бар-жоғын тексеру үшін маммографияға түсуге 2 жылда бір рет, жатыр мойны ісігінің бар-жоғын тексеруге 3 жылда бір рет шақырады.

Шартты түрде алсақ, бір емханадағы 30 бен 70 жас арасындағы әйелдер саны есептеледі. Биыл олардың 25%-і тексеруден өтуге шақырылады. Қалғаны алдағы жылдарда шақырылып отырады.

0 пікір
Мұрағат