«Күліп келіп, жылап қайтатын» қарыздан мемлекетке қандай қауіп бар? Ең қауіпті қарыз түрі қандай?
«Күліп келіп, жылап қайтатын» қарыздан мемлекетке қандай қауіп бар? Ең қауіпті қарыз түрі қандай?
4 жыл бұрын 2908 Бек Төлеуов. aikyn.kz

Халық арасында үлкен фобия тудыратын тақырып бар – ол сыртқы қарыз. Еліміздің сыртқы қарызы жан басына шаққанда 10 мың долларға жуықтайды деген пікір жиі айтылады. Осы мәселенің ақ-қарасын bag.kz ақпарат көзінің тілшісі ажыратып көрсетті.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның сыртқы қарызы 168 млрд АҚШ долларына дейін жеткен болатын. Қазір көрсеткіш азайған. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 156, 8 млрд доллар болды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 миллиард долларға кем. Қазақстанға қарыз берген ең ірі кредиторлардың қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланды, Франция мен Қытай бар екен.

Қарыз түрлерін ажырата білу маңызды

Біздің тұрақты сарапшымыз - GSB UIB Бизнесті талдау орталығының маманы, экономист Мақсат Халық сыртқы қарыздың ара-жігін ажыратып берді.

Осы күні депутаттар және басқа да қоғам белсенділері сыртқы қарызды жан басына бөлетін болсақ, еліміздің әрбір азаматы 9 мың доллардан қарыз болып шығады екен деген пікір айтып жүр. Бірақ, ол есептеу жүйесі дұрыс емес. Өйткені, бұл жерде мемлекет пен жеке сектордың қарызы бар. Осыны ажыратып алған дұрыс. Сыртқы қарызды категория бойынша бөлетін болсақ, мемлекеттің таза қарызы 12, 4 млрд долларды құрайды. Яғни, 156, 8 млрд-тың барлығы мемлекеттің қарызы деп айта алмаймыз. Қаржы нарығының қарызы – 5,7 млрд доллар. Ал ең көбі фирмааралық қарыз. Былтыр оның сомасы 105 млрд долларға дейін болған. Қазір аздап қысқарған. Осы күні 97,3 млрд доллар болып отыр, – дейді Мақсат Халық.

Оның айтуынша, фирмааралық қарыздарға қатты алаңдауға болмайды. Себебін де айтты.

Мысалы, сырттан «Макдоналдс» секілді брендттер келіп жатыр. Франшиза ретінде еншілес компаниялар ашылуда. Олар сол жақтан технологиясын, қондырғысын әкеледі. Сол қазір инвестиция болып құйылады да, біздегі еншілес компания ұзақ мерзімге қайтаруға мінделеттеледі. Бұл - фирмааралық қарыз болып саналады. Егер ертең біздегі «Макдоналдс» компаниясы кәсібін жүргізе алмай, банкрот болса, онда біздің Үкімет ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды. Өйткені, сырттан келетін ондай компаниялар үлкен тәуекелдікті біліп барып осындай қадам жасайды. Бұл қарыздарға қатты алаңдамауымызға болады, – дейді экономист.

Ең қауіпті қарыз түрі қандай?

Жалпы қарыздың ең қауіптісі – мемлекеттің өз қарызы. Қазіргі кезде мемлекеттің сыртқы қарызы 12,4 млрд долларды құрап отыр. Бізде көбінесе шенділер осы қарызды ғана айтады да, басқасын жасыруға тырысады. Ұлттық қорымызда 57 млрд доллардан астам қаражат бар, жағдай қиындаса сол қаржымен-ақ есептесе саламыз деген пікірге сүйеніп алған.

Содан кейін сыртқы қарыздың ішінде өзге секторлар деген бөлім бар. Нақты қандай секторлар екені анық жазылмайды. Мұның сомасы – 41, 3 млрд доллар екен. Ресми түрде квазимемлекеттік сектордың қарызы Үкіметтің қарызы болып саналмайды. Бірақ, мұның мемлекеттің «көрінбейтін қарызы» екенін бәрі біледі. Ресми баяндамаларда мемлекеттік (ұлттық) компаниялардың қарызы көрсетілмей жүргені белгілі.

Квазимемлекеттік сектор осы категорияға жатады. «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы» секілді компаниялар осы топтың ішінде. Бұл қарызға бейжай қарауға болмайды. Мұның артында Үкімет тұр. «Қазмұнайгазға» сырттан біреу қарыз беретін болса, ол мемлекеттік компания болған соң алып отыр. Егер «Қазмұнайгаз» алған қарызын төлеуге шамасы жетпесе, оның жауапкершілігі Үкіметтің жауапкершілігіне жүктеледі. Мұны мемлекеттің өз қарызы ретінде қарастырған дұрыс. Яғни, 12,4 млрд долларға 41, 3 млрд долларды қоссақ, 53,7 млрд долларды құрайды. Бұл жерде жалпы алып отырмын. Бірақ, өзге де секторлардың ішінде басқа да қарыздар болуы мүмкін. Мемлекеттің қарызы бұдан әлдеқайда төмен болуы да ықтимал. Алайда, 53,7 млрд доллар деп отырғаным, өзге де секторлардың толық ажыратылмай көрсетілуі. Егер квазимемлекеттік сектордың нақты қарызы мынандай десе жеңіл болар еді. Бөлінбегендіктен барлығын қосуға тура келеді. Осы қарызды еліміздегі 18 млн 600 мың адамға бөлетін болсақ, 2 800 доллардан келеді. Жан басына шыққанда осыншама қарызымыз бар деп айта аламыз, – дейді Мақсат Халық.

Көп жағдайда Үкімет ресми түрде мемлекеттік компаниялардың қарыздары бойынша соңғы төлемші екенін мойындамай жүргені жасырын емес. Мысалы, 2015 жылы мамырда «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясына 350 млн доллар көлеміндегі сыртқы қарызын төлеп беру үшін көмек көрсеткен. Бұл соманың 50 млрд теңгесі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жергілікті валютада несие ретінде берілген. Яғни, көзге көрінбейтін мемлекеттік қарыз әлі күнге дейін қоғам назарынан тыс, жасырын қалып отыр. 

Еспаеваның пікірі ескеріле ме?

Жақында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева әлеуметтік-экономикалық болжамда мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсетіні көрсетілгенін айтты. Атап айтқанда, 2021 жылы оның көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 30,3 пайызға өссе, 2022 жылға дейін 30,5 пайызға дейін көтеріледі. Ал 2025 жылға қарай Үкіметтің қарызы 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 25 триллион 692 миллиард теңгеге жетеді. Үкіметтің есебінше, биыл мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 29,2 пайызға тең болады дейді депутат.

Бұған дейін де депутаттар бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтқан Еспаева министрлерден жағдайды өзгерту үшін қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге кететін шығындардың артатынын растады. Биыл осы санаттағы шығындардың көлемі 12 пайыз болса, 2023 жылда 23 пайызға дейін өседі. Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз деңгейде деп сендіруге тырысты.


Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз. Қазір жағдай нашарлап, тапшылық көбейді. Біз қарызымызды өзге мемлекеттермен салыстырып отырамыз. Мәселен, Түркияда мемлекеттік қарыздың мөлшері ішкі жалпы өнімге шаққанда 40 пайызды құрап отыр. Мексикада – 55 пайызға, Индонезияда – 37 пайызға тең, – дейді Жамаубаев.

Халықаралық тәжірибеде әрбір елдің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 60 пайыздан асып түссе, қауіпті деңгей саналады. Бір кездері 66 пайызға дейін жеткен біздің Қазақстанның қазіргі жағдайы түзеле бастаған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Үкімет нақты лимитті 27 пайыз деп белгілегенін айтып отыр. Сндықтан мемлекеттік қарыздың мөлшері қауіпсіз деңгейде көрінеді. 

Тәуелсіздігімізге қауіп төндірмеуі тиіс 

Көпшілікті алаңдатын, ең қорқыныш тудыратын ол сол қарыздың жауапкершілігі. Халқымызда: «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген сөз бар. Мақсат Халықтың да пікірі осыған саяды. Қалай болғанда да сыртқы қарыз – мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп тудырмауы тиіс.

Пандемияға байланысты бюджет тапшылығы артып отыр. Мемлекеттің қарызы да көбейіп келе жатқаны рас. Дегенмен қарызды қандай мақсатта аламыз - сол маңызды. Біздің сыртқы қарызымыз – тікелей инвестиция тарту ретінде қарастырылады. Егер тікелей инвестиция ретінде тартылып, елдегі инфрақұрылымды жақсартуға, интернеттің қуатын арттыруға, еліміздің өмір сүру сапасын жақсартуға, мемлекеттің ішіндегі жолдардың салынуына жұмсалып жатса, түсінуге болады. Бірақ бұл қарыз Үкіметтің бюджеттің тапшылығын жабу үшін пайдаланып отырған болса, оның қауіпі басым. Ара-жігін ажыратып, мәселені біліп отыру қажет. Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің бюджет тапшылығын жабу үшін қарыз алып жатқаны бар. Бұл қарыз мемлекеттің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Қарыз алған кезде шарттары төмен пайыз болса жақсы еді, – дейді экономист.

Оның айтуынша, тәуелсіздікке қауіп төндірмейтін қарыз болса, ұлттық қорға арқа сүйеп алуға болады. 

Қарыздың өзінің де болмысы бар. Егер жағдай нашарлап кетсе, ұлттық қорымыздың түбі көрініп жатса, қандай да болмасын мемлекеттер қарыз беруден қашатын болады. Онда мемлекет техникалық дефолтқа ұшырауы мүмкін. Ондай кезде бізге қарызды халықаралық валюта қоры ғана беруі мүмкін. Олар қазір Венесуэлаға көмектесіп жатыр, Аргентина техникалық дефолтқа ұшырағандықтан осы қордан қарыз алды. Беларусь мемлекеті де халықаралық валюта қорынан қарыз сұраған. Әлемде ондай мемлекет өте көп. Бірақ, ең қиыны, олар қарызды жайдан-жай бере салмайды. Сол мемлекеттің ақша-несие жүйесіне араласып, талаптарын қоюуы ықтимал. Ондай күнге елімізді жеткізбей-ақ қойсын, – дейді Мақсат Халық. 

0 пікір
Мұрағат