Көліктің әйнегінен басын шығарғандарға айыппұл салынады
|

Жүйткіген көліктің әйнегінен басын шығаруды қызық көретіндерге де жаза бар, деп хабарлайды 24kz.
Енді мұндай «батырларға» 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Мерей Мұратханқызы, тілші: - Жүйткіп келе жатқан көліктің есігін ашып немесе әйнектен басын шығарып, қозғалысқа қатер төндірген адам айыппұл арқалайды. Бұл жүргізуші де, жолаушы да болуы мүмкін. Әкімшілік кодекстегі қоғамдық және жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған өзгерістер былтырғы жылдың соңында қабылданып, 13 наурызда күшіне енді.
Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: - Екіншіден, көліктің жолдың қарсы жолағына шығып, жол-көлік оқиғасына әкеп соққаны үшін жауапкершілік енгізілді. Енді жүргізуші тоғыз айға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Үшіншіден, теміржол өткелдерін кесіп өту ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік 10-нан 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Жолда жедел және арнайы қызметтер көлігіне кедергі жасағандар бұрынғыдай 7 емес, 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Осыдан кейін азаматтар кез келген әрекетке бармас бұрын, әбден ойлануы керек.
Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: - Кейбір құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік жеңілдетілді. Осылайша, ақылы автотұрақтарды пайдаланып, төлемді уақытылы төлемегені үшін айыппұл үш есеге төмендеді. Ал жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін сақтамай, салдарынан материалдық залал келтірген жол-көлік оқиғасы бойынша жүргізуші куәлігінен айыру алынып тасталады.
Енді сандарды сөйлетейік. Былтыр елде 13 млн-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық және 10 млн-нан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды.
Жалған хабарлама таратып, қоңырау шалғандардарға да жауапкершілік жүгі ауырлаған. Бұған дейін бұл әбестік үшін 30 АЕК айыппұл салынса, енді екі есе, яғни, 60 АЕК мөлшерінде міндеттеледі. Ал елді дүрліктірген жасөспірімдерге енді «ескерту» жасалмайды, бірден олардың заңды өкілдеріне айыппұл салынады. Оның көлемі 30 АЕК, яғни, 118 000 теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Бұл өзгерістер Заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру аясында қолға алынды.
Авторы: Мерей Мұратханқызы




