Көкшетауда бір отбасы жетімдер үйінен 10 баланы асырап алды
|
Көкшетауда бір отбасы 10 баланы жетімдер үйінен асырап алды, - деп хабарлайды tengrinews.kz ақпарат көзі"31 арнаға" сілтеме жасай отырып.. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін бауырына басқан еліміздегі үлкен отбасылардың бірі Көкшетау қаласына жақын жердегі Кенесары ауылында тұрады. Ерлі-зайыпты Қабылбаевтар отасқаннан кейін тоғыз жыл өткенде ғана балалы болыпты.
Одан кейін жұбайы екеуі Ақкөл қаласынан жеті жетімді бауырларына басады. Мұншама көп баланы бірден асырап алуға маңдайында жеті саны бар бұзаудың туылуы себеп болыпты. Ал, биыл олар тағы үш баланы шаңырақтарына әкелген. Балаларды тәрбиелеуден өзіне айрықша ләззат ала білген Мұрат Қабылбаев имамдықтан қызметін басқа арнаға ауыстырды.
Оның айтуынша, ол балалармен өткізген қызықты сәттерін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. "Күн сайын оқырмандар көбейді. Мұның қоғамға маңызын түсініп, он шақты адамнан құралған кеңес құрдық. Бұл кеңес бала асырап алу жөніндегі кез келген сұраққа жауап бере алады. Бұл тек интернетпен ғана емес, сондай-ақ, іс жүзінде де қолға алынатын болады. Қазір осымен айналысып жатырмын", - деді ол.
11 баланың жетеуі оқушы. Кілең үздіктер. Әрқайсының ұлты өзге болғанмен тәлім-тәрбиесі қазақша дейді Балуан Шолақтың немересі, балалардың әжесі Айбат Құдайбергенқызы. "Бұлардың бәрі өздерін қазақпыз деп сезінеді. Әкелерінің тегін алғысы келеді. Қашан 16-ға толғанын күтіп жүр асығып", - дейді әжесі.