Климат салығы Қазақстанды тоқырата ма?
Климат салығы Қазақстанды тоқырата ма?
4 жыл бұрын 1800 Айхан Шәріп, Елдар Қаба

Әлемде жаңа «сауда соғысы» басталуы мүмкін. АҚШ пен Қытай ара­сындағы осындай қақтығыс таяуда ғана ішінара реттелгендей еді. Енді ұқсас шиеленіске Еуропалық Одақ ықпал етпек. Ол шикізат өндіретін ірі елдермен күресетінін жариялады. Басты қаруы да әзір, ол – «көмірсутегі салығы» деп аталады. Көрші Ресей бұл шайқастан 33 миллиард еуро шығын шегетінін есептеп қойды. Ал Қазақстан ше? Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзінің материалынан біле аласыздар.

Қош бол, Еуропа!

Экологтер еуропалық жаңа алым түрін «климаттық салық» дейді. Қаржыгерлер «ауа салығы» деген ат берді: пандемия кесірінен экономикасы күрт құлдыраған ұжымдық Еуропаның бос жерден, ауадан ақша жасағысы келетінін меңзейді. Осы қадам арқылы ЕО Қазақстанның да әбден әлсіреген өнеркәсібіне жойқын соққы жасамақ.

Солтүстік көрші «Үлкен төрттікке» енетін аудиторлық компанияға тапсырыс беріпті: нәтижесінде KPMG жаңа кли­маттық салық кесірінен Ресей ондаған мил­лиард еуро жоғалтатынын есептеп шық­ты.

Әзірге аталған салықтың егжей-тегжейі түпкілікті анық емес. Дегенмен басты мән-мағынасы мәлім: кәсіпорын өнім өндіру кезінде неғұрлым көп отын жақса, онда қоршаған ортаны соғұрлым көп ластап, ауаға көмірқышқыл газын (СО2) үлкен көлемде шығарады. Демек, мұндай компания өз өнімімен еуропалық нарыққа келсе, қосымша салықты төлеуі тиіс. Бұл алым сондай-ақ мұнай, газ, металл өндірушілеріне ауыртпалық түсіреді.

KPMG аудиторлық компаниясы аналитиктерінің есептеуінше, Еуроодақ жаңа көмірсутегі салығын бес жыл кейінге шегерсе, ресейлік экспорттаушыларға 2025-2030 жылдары шамамен 33 миллиард еуро төлеуге тура келмек. Егер 2022 жылы енгізсе, 2030 жылға дейін Ресей 50 мил­лиард еуро шығынға ұшырайды.

Қазақстан ше? Батыс елдеріне жет­кізілетін өніміміз қаншаға азаймақ? Бұл тұрғыда мемлекет қандай шара қа­былдамақ? Журналистердің осы сұрағына Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап беруге тырысты.

– Қазіргі уақытта көмірсутегі салы­ғының мөлшері және ондай салық салудың қыр-сыры соңына дейін айқындалмаған. Толыққанды түсінікті емес. Тарифтері белгіленбеген. Сондай-ақ, мұндай салықты енгізу мерзімдері де анықталмады. Әзірше Қазақстанның мұнай және газ конденсатының экспорты бұған дейін жоспарланған көлемде болады деп кү­тілуде, – деп қысқа қайырды Нұрлан Ноғаев.

Жаңа салыққа сәйкес, шикізат өн­дірушілер және өндірісінде отынды көп тұтынатын кәсіпорындар атмосфераға лақ­тырған әрбір тонна көмірқышқыл газы үшін 30 еуроға жуық қосымша алым төлейді.

Қазақстан қанша миллиард жоғалтпақ?

Boston Consulting Group кеңесші-кон­сультанттарының пайымдауынша, бұдан Еуропаға мұнай-газ секілді көмірсутегі отынын және металлургия өнімдерін жеткізетін Ресей мен Қазақстан көп зардап шегеді.

Себебі, екі ел 1 баррель мұнай өндіру үшін Сауд Арабиясымен салыстырғанда, 2 есе көп көмірқышқыл газын шығарады. Ендеше қазақстандық «қара алтын» еуро­палық сатып алушылар үшін әлдеқайда қым­бат бола түседі. Салдарынан олар Сау­дияның шикізатына ауысып кетуі мүмкін.

Мысалы, Қазақстан – Италияның негізгі мұнай жеткізушісі: 2019 жылы бұл ел бізден осы шикізатты 8,2 миллиард дол­ларға сатып алды. Осылайша, мем­лекетіміздің Еуропаға экспорттайтын бү­кіл мұнайының төрттен бірін – 24,4%-ын Италия бір өзі еншіледі. Одан кейін Ни­дерланды тұр: 3,6 миллиард доллар не­месе экспортымыздың 10,7%-ы соған тиесілі. Үштікті тұйықтайтын Францияға Қа­зақстан 3,4 млрд долларға «қара алтын» өткізе алды: бұл – мұнай экспортының 10,2%.

Жалпы алғанда, республика ЕО-ға мұнай саудалаудан 33,6 млрд доллар табыс тапты. Егер жаңа алым іске қосылса, еуропалық осы серіктестерімізбен алыс-беріс күрт азаюы ықтимал. Ал егер олар қазақ мұнайын алуды доғарса, Қазақстан жыл сайын осы 33,6 миллиардтан айырылып отырады. Айта кету керек, еліміз «қара алтыннан» түсетін барлық табысының 58,1 пайызын Еуропадан та­бады.

Алайда, шығыны мұнымен таусыл­майды: Қазақстан бір жыл ішінде Еу­ропалық Одаққа 2 миллиард 790,8 мил­лион долларға – газ, 2 миллиард 506,1 миллион долларға – мыс, 2 миллиард 213,7 мил­лион долларға – химия өнімдерін, 1 мил­лиард 883,7 миллион долларға – фер­роқорытпалар, 1,02 миллиард долларға – мұнай өнімдерін, 963,7 миллион доллар­ға – жа­й­пақ прокат, 918,1 миллион долларға – ма­зут сатты. Осылардың бәрі климат са­лығы кесірінен күрт қымбаттап, бәсекеге қа­білеттілігін жойса, ел ірі клиентінен қол үзсе, қанша миллиард кірістен қағылаты­нын санай беріңіз. Онда тек қазақ астығы ғана қалады: Еу­ропаға астық экспорты шамамен 1 млрд дол­лардан аса табыс әке­леді.

Батыс жерісе, Қытай дайын

KazEnergy қауымдастығының бас ди­ректоры Болат Ақшолақовтың мәліметін­ше, Қазақстанда бүгінде шамамен 5 мил­лиард тонна мұнай қоры бар. Әйтсе де, гео­логтердің зерттеуіне сәйкес, қа­зақ жерінің астында әлі барланбаған, бі­рақ игеруге болатын тағы шамамен 70 мил­лиард тонна мұнай жатыр.

«Коронавирус пандемиясы кесірінен биылғы көктемде «қара алтын» бағасы баррелі үшін $20-ға дейін құлдилады. Енді ғана көтеріліп, 40 доллардың айналасында құбылуда. Дағдарысқа дейінгі бағалар тек 2022 жылға қарай кері оралуы мүм­кін. Бағаның төмен болуына, әлемдік дағ­дарыстың жалғасуына байланысты кә­сіпорындар геологиялық барлауға ин­вес­­тиция сала алмайды, олар бизнесін сақ­тап қалуға күш салуда», – дейді Болат Ақ­шолақов.

Ол қазақ мұнайының өзіндік құны қымбаттап келе жатқанын жеткізді: жер­дің беткі қабатына жақын орналасқан қорлардың таусылуымен бірге арзан шикізаттың дәуірі аяқталды. Жер қойнауын пайдаланушылар барған сайын тереңге құлаш ұруға, тұңғиықтағы кеңістіктерге бұрғы салуға мәжбүр. Сарапшының мә­ліметінше, келесі қорлар 6 мың метрден әріде жатыр.

«Егер Еуропа экологиялық салығын енгізсе, жеткізушілер клиентіне әр тонна үшін 30 еуро қосымша жеңілдік жасауға бара алмайды. Олай болса, баға көтеріліп, клиент арзандау жеткізушіні іздейді. Таба алмай, көтерілген бағада сатып алуға мәжбүрленсе, бұл еуропалық елдердің өзі­не қосымша шығын әкеліп, төлем қа­білетін нашарлатады», – деді ол.

Рас, бұл жағдайға Қазақстанның Қы­тайға қайта бағдарлануына мүмкіндігі бар. KazEnergy өкілінің айтуынша, бүгінде республика шың еліне небәрі 1 мил­лион тоннасын ғана жеткізеді. Негізі, ҚХР «қара алтынды» бізден 20 миллион тон­наға дейінгі көлемде алуға дайын кө­рінеді. Алайда шың еліне шикізат Кеңес кезінен бері игеріліп жатқан ескі кен орындарынан жеткізіледі, ал олардың экспортты ұлғайтар әлеуеті жоқ. Сол се­бепті ел Үкіметі мұнайдың жетіспейтін кө­лемін батыс облыстардан оңтүстікке жөнелтіп, әрі қарай Қытайға асыратын реверс жобасын қолға алуда.

Сонда климат салығынан, экспорттың тұсалуынан келер шығынның шамалы болса да орнын толтыруға өріс ашылады.

Жалпы, Еуропаның бұл қадамына жалғыз Ресей мен Қазақстан ғана емес, АҚШ та қарсы шығып отыр. Америка Еуропаға қарсы ұқсас алым енгізетінін айтып, қорқытуда. Ұлттық энергетика саласындағы сарапшы Игорь Юшковтың түсіндіруінше, жаңа еуропалық салық климат жөніндегі Париж келісімі негізінде пайда болды.

«Париж келісімі о бастан табиғат қорғауды емес, жаһандық энергетикалық нарықты қысымға алуды көздеді. Трамп тұсында АҚШ-тың одан шығуының себебі – сол. ЕО осы арқылы нарықты бөліске салуға, еуропалық өндірушілерді қолдауға, анағұрлым арзан тауар әкелетін шетелдік жеткізушілерді ысырып шы­ғаруға бағытталған протекционистік шара қабылдап жатыр. Қазақстан да, Ресей де ДСҰ-ға шағымданар еді, алайда одан нәтиже болмайды. Өйткені былтырғы 2019 жылдың соңында АҚШ осы ұйымның соттарына жаңа арбитраждық судьяларды тағайындауды бұғаттап тастады. Соның кесірінен ДСҰ-ның апелляциялық ин­станция­сы жұмыс істей алмайды», – деді И.Юшков.

Сонда «еуропалық» тұйықтан қалай шы­ғуға болады?

«Біз Қытайдан үлгі алуымыз керек. ҚХР эко­номикалық ғажайыбына тек ар­зан жұмыс күші арқылы ғана емес, арзан отын арқасында қол жеткізді. Қытай жері де қазба байлыққа толы, ол оны шикізат түрінде сатпайды. Оны өзі жағады, қалғанын өңдеп, әртүрлі өнім жасап сатады. Соның арқасында қытай тауарлары еуропалыққа қарағанда анағұрлым арзан болып шықты», – дейді сарапшы.

P.S.

Қазақстан Париж келісімін асығыс-үсігіс ратификациялап тастады. Енді оның аясында өз мойнына алған міндеттемелерінен құтыла алмайды. Бұл құжат мұнай-газ, көмір саласын – ауаны СО2-мен ластаушы басты эмиссионер ретінде айқындады. Салдарынан өндіріс кезінде мазут, ЖЖМ, газ және көмір жағатын кез келген отандық кәсіпорын қосымша салық пен қысымға ілігеді. Шенеуніктер имидж үшін әлдебір жерге қол қоя салмас бұрын ол құжаттың ел тағдырына, экономика мүддесіне келтірер зияны, салдары жайында бір мезет ойға батса жақсы болар еді. 

0 пікір
Мұрағат