Жастардың басым бөлігі өндірістік сала емес, гуманитарлық сала мамандығы бойынша оқып жатыр
|
Жастардың басым бөлігі өндірістік сала емес, гуманитарлық сала мамандығы бойынша оқып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте тегін техникалық және кәсіби білім беру тетігін енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
Министрдің келтірген дерегіне қарағанда, бүгінгі күні республика бойынша 807 колледж жұмыс істеп тұрса, олардың 345-і жеке меншік нысанында болып табылады. «Колледждерде 499,5 мың адам білім алуда. Бұл ретте ондағы жастардың басым бөлігі, шамамен 51,5 пайызы ақылы негізде оқып жатыр. Соның ішінде олардың негізгі бөлігі өндірістік сала емес, гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алуда», - дейді министр Е. Сағадиев.
Оның сөзіне қарағанда, мектеп түлектерінің жұмыспен қамтылу жағдайына талдау жасалған. «Бізде 2015 жылы 9 сыныпты бітірген түлек саны 221 мың адам болса, 10-11 сыныпты жалғастырғандар саны 134 мың, ал колледждерде оқуға кететіндер саны 85 мың адам болып отыр. Сосын колледжді бітіргеннен кейін де 33 мың адам сонда оқуын жалғастырады, олар жоғары оқу орындарына бармайды. Ал 21 мың адам мектеп бітіргенннен кейін ешқандай да арнайы білім алмай, бірден еңбек нарығына келеді», - деді Е. Сағадиев.