Ислам қаржысындағы үздік ЖОО
Ислам қаржысындағы үздік ЖОО
4 жыл бұрын 2865

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ислам қаржысы саласындағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін «Global Islamic Finance Awards 2020» (GIFA) беделді халықаралық марапатына ие болды. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орны «Best Emerging Islamic Finance Education Provider» («Исламдық қаржыландыру бойынша білім беру қызметтерінің үздік дамушы провайдері») номинациясында үздік атанды. Марапатты тапсыру рәсімі Исламабад қаласында (Пәкістан) өтті. Бұл жайында jasqazaq.kz ақпарат көзі мәлім етті. 

GIFA – ислам қаржысы саласында үлкен жетістіктерге жеткен үкіметтерге, мекемелерге және жеке тұлғаларға берілетін мәртебелі белгісі әрі әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі. Олардың қатарында мемлекет басшылары, белгілі мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар бар. GIFA-2020 беделді марапатын табыстау – бұл халықаралық қоғамдастықтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан қабылдаған исламдық қаржыландыруды дамыту және тарату бастамаларын мойындау белгісі.

Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғаш болып исламдық қаржыландыруды дамытуды, ислам банктерін құруды және олардың қызметінің заңнамасын қамтамасыз етуді қолға алған. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылып, табысты жұмыс істеуде. Болашақта ол ЕАЭО және Орталық Азия өңіріндегі исламдық қаржы хабына айналуға тиіс.

ҚазҰУ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен және АХҚО-мен ынтымақтаса отырып, жаңа техника және заманауи бағдарламамен жабдықталған бірегей ислам қаржылық ғылыми-білім беру орталығын ашты. Ол ислам банкингі және қаржы саласының жоғары білікті мамандарын даярлау базасына айналды. Мұнда биржалық трейдинг дағдыларына, іргелі және техникалық талдау, қаржылық инженерия негіздеріне оқыту жүргізіледі. Исламдық банкинг және қаржыландыру секторы халықаралық деңгейде танымалдылыққа ие бола отырып, барынша тартымды болып табылады, ал бұл тиісті кадрларды қамтамасыз етуді талап етеді.

ҚазҰУ-да посткеңестік кеңістігінде алғаш рет «Ислам қаржысы» білім беру траекториясы бойынша магистрлер мен PhD докторларды даярлау басталды. Қазақстандық жоғары оқу орны халықаралық стандарттарға сай озық тәжірибе мен білім беру бағдарламаларын, бизнеске адамгершілік және этикалық көзқарас пен айқын әлеуметтік бағыттағы исламдық қаржы құралдарының әлемдік үздік тәжірибелерін қолдануды белсенді түрде енгізуде. Шетелдік әріптестермен бірлесіп қаржыландыру мәселелері бойынша халықаралық сертификаттауға арналған халықаралық семинарлар, тренингтер мен зерттеулер, мамандандырылған курстар өткізілуде. ҚазҰУ-дың исламдық қаржыландыру және банкинг саласындағы белсенді ғылыми-білім беру қызметі тәуелсіз Қазақстанның жаңа экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда.

0 пікір
Мұрағат