Ислам банкингі: ақиқат пен аңыз
Ислам банкингі: ақиқат пен аңыз
4 жыл бұрын 3947 inbusiness.kz Абылай Бейбарыс

Үкімет осыдан біраз бұрын 2025 жылға дейін еліміздегі ислам банкингі активтерінің қазіргі 0,2% көрсеткішін 3%-ға жеткізетінін жариялады. Мұнымен қоймай, 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстанның қаржы нарығына 300 млн доллар «халал» қаржы құйылады деп жар салды. Қазір 2020 жылдың 9-шы айы өтіп жатыр. Бірінші тамыздағы жағдай бойынша, еліміздегі 2 ислам банкінің жиынтық активі 72,1 млрд теңгені құрады. Яғни, 300 млн доллар туралы әңгіме ақиқат емес, аңыз болды.

Ұмытпасаңыздар, осыдан 10 жыл бұрын елімізде арабтардың Al Hilal банкі ашылды. Ол 2017 жылға дейін корпоративтік клиенттерге ғана қызмет көрсетті. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан,  Шымкент қалаларында бөлшек сауда бағытын іске қосты. 1991 жылдан бері ел аумағында батыстық банк дәстүрімен жұмыс істеп келген Zaman bank 2017 жылғы 17 тамызда банк операцияларын ислам банкингі бойынша жүргізуге лицензия алды. Бұл туралы қаржы ұйымы ресми сайтында: «Zaman bank АҚ заңды тұлғасы Zaman bank ислам банкі АҚ болып қайта тіркелді», – деп жазды. Ал банктің басқарма төрағасы Елена Гупало қаржы ұйымы ислам банкингіне көшуді 2014 жылы бастағанын мәлімдеді.  

«Ұлттық заңнамада дәстүрлі банктің ислам банкіне айналу рәсімі көрсетілмегендіктен, біз біраз уақыт жоғалтып алдық. 2015 жылы «Банктер және банктік қызмет туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Осыдан соң іс алға жылжыды», – деді басқарма төрағасы.

Нақтылай кетейік, аты аталған қаржы ұйымдары клиенттерге шариғат шарты бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, берген қарыздарына пайыз қоспайды. Сонымен қатар табак, алкоголь, қару-жарақ, есірткі бизнесін қаржыландырмайды және порнография, құмар ойындарымен байланысты харам қызмет түрлерін сырт айналады.

Ислам банкингі мушарака – бiрлескен кәсiпкерлiк, мудараба – тапқан пайда көзiне ортақтасу, мурабаха – сауданы қаржыландыру, такафул – сақтандыру, вадиа – құнды заттарды сақтау және сукук – құнды қағаздар бойынша қызмет көрсетеді. Осы жерде тағы да ислам банкингінің ақиқаты мен аңызының ара-жігін ажыратуға тура келеді. Себебі, «ислам банктері берген қарызына пайыз қоспайды» деген сөз екіұшты ойға жетелейді. Бұл туралы ислам банкингінің өкілдері: «Ислам банктері несие мен салым бойынша пайыздық айырмашылықтан ақша табатын дәстүрлі банктерге қарағанда ақша-тауар немесе қызмет-ақша қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Клиентке жылжымайтын мүлік сатып алу үшін қаражат қажет делік. Дәстүрлі банк оған белгілі бір пайызбен несие береді, ал ислам банкі – клиент үшін таңдалған нысанды сатып алады және оны мәміле жасау шығындары мен банктің болжамды пайдасын қоса алғанда, басқа да шығындар салынған белгіленген үстеме бағамен бөліп сатады. Несиелеудің бұл түрінің артықшылығы – үстеме баға клиентке бірден белгілі болады. Бұл несие беру мерзіміне байланысты дәстүрлі банктерге қарағанда тиімдірек. Мысалы, 5 жыл мерзімге 10 млн теңге ипотеканы ресімдеу кезінде үстеме баға 2,5 млн теңгені құрайды, ал дәстүрлі банктерде артық төлем банктің 2,7 млн теңгеден басталады», – дейді.

Бұл жердегі ақиқат: ислам банкингі пайыз емес, үстемеақы алады. Ал «пайыз» сөзінің  «үстемаақы» деген ұғымға алмастырылғаны аңыздың тууына және таралуына түрткі болып тұр. Депозитке келетін болсақ, клиент банкке сенімгерлік басқаруға қаражат береді, ал банк оларды кейіннен клиентпен пайданы бөле отырып, бизнес-жобаларға инвестициялайды. 

0 пікір
Мұрағат