|
Еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынбақ
|
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен әзірленген қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын қарау ұсынылады.
Құжатта Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерде еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкілеттігін кеңейту, жалақы төлеу және келісу комиссияларының жұмысы туралы нормаларды жетілдіру, сондай-ақ, еңбек қызметінің белгілері болған кезде азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға тыйым салу қарастырылған.
Әлеуметтік кодексте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде әкелердің жас балаларға күтім жасау кезінде жұмыс істемеген уақытын еңбек өтіліне қосу ұсынылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау тәртібі нақтыланады.