Еңбек министрі Қазақстанға оралатын қазақтарға қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты
Еңбек министрі Қазақстанға оралатын қазақтарға қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты
6 жыл бұрын 4049 Дәурен Ерболатов

Халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова шетелде тұратын этникалық қазақтар тарихи отанына қоныс аударса, оларға қандай жеңілдіктер жасалатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Есеп беру кездесуінде министр шетелдерден жоғарғы білікті жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шараларын қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.

«Көші-қон процестерінің реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне мән берілуі қажет. Мұндағы стратегиялық міндет – экономикадағы сұранысқа ие әртүрлі профильді білікті мамандарға ұзақ мерзімге жағдай жасау. Этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру немесе тарихи отанына қайтару еліміздегі демографиялық көрсеткіштерге оң серпін беретін фактор болып саналады», - деді ол.

Мәдина Әбілқасымованың пікірінше, қолданыстағы көші-қон заңнамасы еліміздің экономикалық, әлеуметтік, демографиялық дамуындағы сұраныстарға жауап бермейді.

Министрдің айтуынша, аталған заң жобасы уақытша шетелден жұмыс күшін тартуға негізделген. Сондай-ақ аталған құжат аясында еңбек мигранттары мен оралмандарды ортаға бейімдеу шаралары көзделмеген.

Осы орайда министр биыл көші-қон процестерінің тиімділігін арттыру бойынша тиісті шаралар жүргізілетінін атап өтті.

«Экономикаға қажетті шетелдік жұмыс күшін тарту саласында мыналар қарастырылған: жұмыс рұқсаттарын беру жүйесін жетілдіру, оның ішінде олардың күшін екі немесе одан да көп өңірге тарату арқылы; қажеттілікті бағалаудың тиімді тетіктерін құру және шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау тетіктерін жетілдіру; іскерлік мақсатта келетін, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметке қатысатын шетелдік азаматтардың ел аумағына кіру ережелерін жеңілдету. Бұл шаралар ел экономикасын жыл сайын 40 мыңнан кем емес білікті шетелдік мамандармен қамтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова шетелдегі қазақтар Қазақстанға оралса, оларға қандай жеңілдіктерді енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

«Ал шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанға қоныс аудару үшін жағдай жасау және ынталандыру үшін азаматтық алудың жеделдетілген (жеңілдетілген) тәртібін енгізу, сондай-ақ оларға қандай да рұқсатсыз және оралман мәртебесін алған-алмағанына қарамастан жұмысқа орналасу құқығын ұсыну қарастырылып отыр», - деді министр.

Сонымен қатар ол аталған жеңілдіктермен қатар оралмандардың бейімделуі мен ықпалдасуына жәрдемдесу мақсатында мигранттарды ақпараттық және құқықтық қолдау орталықтары құрылатынын, әрі еңбек ресурстары тапшы өңірлерде тіл үйрену курстары ұйымдастырылатырын жеткізді.

«Жыл сайын Қазақстанға 20 мыңнан кем емес оралман келеді деп жоспарланып отыр. Аталған шаралар қазіргі таңда көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасында ескеріледі», - деп түйіндеді сөзін Мәдина Әбілқасымова.

0 пікір
Мұрағат