Елордада экстремистік деп танылған діни әдебиеттер анықталды (видео)
|
Астанада бірнеше діни басылым экстремистік деп танылды. Сот шешімі бойынша, «Лайықты жауаптар», «Орталық Азия мен Қазақстанның масихшілік тарихы» атты бірқатар кітаптарды енді ел аумағына кіргізуге және таратуға тиым салынады. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, бұл басылымдар еліміздегі жеке баспаларда шығарылған. Елімізде таратылатын кез-келген діни әдебиет арнайы сараптамадан өтеді. Мазмұны сараланып, бағыты анықталады. Жыл басынан бері мамандар күдік туыдырған 6 басылымға зерттеу жүргізді. Нәтижесінде бұл кітаптар экстремистік деп танылды. Астана қаласының Сарыарқа ауданының әкімдігі түрлі дін ағымдары өкілдерінің басын қосып, "жарамсыз" деп танылған басылымдардың тізімімен таныстырды. Галина Новикова, Астана қаласы бойынша дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі: - Бұл жеке баспаларда шығарылған кітаптар. Біреуі 2006 жылы, екіншісі 2007 жылы, кейбірі тіпті 1988 жылы шығарылған, кейін қайта басылған. Яғни, бұл басылымдар елімізде діни әдебиеттерге сараптама жүргізуді міндеттейтін заң шығарылғанға дейін басылып шыққан. Бұған дейін тексерілмеуінің себебі де осы. Жеке кітапханаңызда, «Лайықты жауаптар», «Орталық Азия мен Қазақстанның масихшілік тарихы», «Орталық азия мен Қазақстандағы христиан дінінің тарихы» атты кітаптар болса, тезірек көзін құртуға тырысыңыз. Мамандар осылай деп кеңес береді. Өйткені, заңда көрсетілгендей тиым салынған басылымдарды ел аумағына кіргізіп таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, бұл басылымдар жеке баспаларда шығарылған. Сондықтан, нақты тиражы белгісіз. Ал Астанада тәркіленген кітаптардың барлығы жойылды.