Елімізге Тәуелсіздік алғалы бері қанша қандас келді?
Елімізге Тәуелсіздік алғалы бері қанша қандас келді?
5 жыл бұрын 2553 Ардак Култаев

Елімізге Тәуелсіздік алғалы қанша этникалық қазақ шетелден келіп, қандас статусын алды? Олар қай өңірлерге қоныстанды? Білімі мен жас мөлшері қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz материалында.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процесін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Айтқұловтың мәліметінше, республика бойынша 1991 жылғы 1 шілде мен 2019 жылдың 1 шілдесі аралығында тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін 1 046 158 этникалық қазақ алған. Бұл - 339 307 отбасы.

 

Қандастардың жалпы санының көпшілігі Өзбекстаннан келген - 61,1 пайыз. 13 пайызы - Қытайдан келген, 11,4 пайызы - Моңғолиядан, 7 пайызы - Түрікменстаннан, 3,7 пайызы - Ресейден және 3,8 пайызы - басқа елдерден келіпті.

Қандастардың қоныстанған өңірлері келген елдеріне байланысты анықталған. Оралмандардың басым көпшілігі Түркістан облысында - 22 пайыз, Алматы облысында - 17 пайыз, Маңғыстау облысында - 13 пайыз және Жамбыл облысында - 9 пайызы қоныстаныпты.

Еңбекке жарамды жастағы тұлғалар 56,4 пайыз болған, ал 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі - 38,9 пайыз және зейнеткерлер - 4,8 пайыз. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 9,2 пайызыы жоғары білімді, 20,7 пайызының орта кәсіптік білімі бар, 60,7 пайызының жалпы орта білімі бар, ал 9,4 пайызының білімі жоқ.

Ал 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына келер болсақ, 1 қаңтардан бастап 1 шілдеге дейін тарихи отанына келіп, қандас мәртебесін 6 539 этникалық қазақ алған. Бұл - 4 076 отбасы.

Қандастардың көпшілігі Өзбекстан Республикасынан келіпті - 54,7 пайыз, ҚХР - 23,7 пайыз, Түрікменстаннан - 8,1 пайыз, Моңғолиядан - 6,1 пайыз, Ресейден - 2,2 пайыз және басқа елдерден 5,2 пайыз келген.

Қандастардың басым көпшілігі Алматыға қоныстанған - 28,9 пайыз, Маңғыстауға - 18,2 пайыз, Түркістанға - 6,5 пайыз және Шымкентке - 9,3 пайыз, Нұр-Сұлтанға - 7,2 пайыз адам қоныстанды.

Еңбекке қабілетті жастағы тұлғалардың үлесі 61,7 пайыз болған, 18 жасқа толмаған жастардың үлесі - 28,1 пайыз және зейнеткерлер - 10,2 пайыз. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,2 пайызы жоғары білімді, 27,2 пайызы орта кәсіптік білім алған. 50,5 пайызының жалпы орта білімі бар да, 7,1 пайызының білімі жоқ екен.

Айта кетейік, таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "оралман" сөзінен бас тарту керектігін айтқан еді. 

"Бұған дейін айтқанымдай, атамекеніне оралған қазақтарға қатысты Оралман сөзінен бас тартып, оның орнына Қандас сөзін енгізу керек. Жеті атасын білетін халыққа Қандас деген ұғым жарасады", - деп жазған еді Президент Twitter желісінде.

0 пікір
Мұрағат