Еліміздің орман алқаптары 24 мың гектарға артты
Еліміздің орман алқаптары 24 мың гектарға артты
7 жыл бұрын 5365 egemen.kz

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаудың, өсімін молайтудың және олардың объектілерін орнықты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өтіп жатқан «дөңгелек үстел» барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

«Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарына жататындығы белгілі. Орманды алқаптар елдің 4,6 пайызын ғана алып жатыр. Сондықтан екпелерді көбейту министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда, жергілікті әкімдіктер бекіткен жоспарға сәйкес өңірлерде жасыл аймақтарды құру, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осынау маңызды жұмыстарды атқару үшін әр өңір бойынша 5 жылдық жоспар жасалып, бекітілді. Айта кету керек, бұл жұмыс биылға дейін жүйелі жүргізілмеген болатын. Дегенмен, соңғы 10 жылда 2005 жылғы 31 мыңнан осы жылы 55 мың гектарға дейін ұлғайды», – деп атап өтті вице-министр.

Бұл ретте ол Елбасы тапсырмасына сәйкес Астана маңында жасыл желек құру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын баса айтты. Бүгінде бұл аймақтың көлемі 75 мың гектарға жеткен.

«Орман саласын қолдау мен сауықтыру бойынша бірқатар шешім қабылданды. Олардың бастылары мыналар: жұмыр ағаш материалдарының экспортына тыйым салу, сексеуіл ормандарындағы ағаш кесудің барлық түріне мораторий жариялау. Қылқан жапырақты ормандарда санитарлық мақсатта және өртенген орман ағаштарын кесуге тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар табиғи қалдықтарды да қолдануға тыйым салынды. Сауда орындары мен жанармай құю бекеттерінде сексеуіл сатуға тыйым салу жөніндегі шаралар қолданылуда», – деді Нысанбаев.

Бұдан бөлек, вице-министр Қазақстанда орман алқаптарын ұлғайтуға мүмкіншілік жасау мақсатында  орман пайдалану және ормандарды толықтыру мәселелерін дамыту, жеке орман өсіру институтын, ағаштұқымдастарын өндірістік және энергетикалық мақсатта плантациялық өсіруді дамыту көзделіп отырғанын баса айтты.

0 пікір
Мұрағат