Еліміздегі әуежайлар мен вокзалдарда намазханалар ашылуы мүмкін
Еліміздегі әуежайлар мен вокзалдарда намазханалар ашылуы мүмкін
7 жыл бұрын 3538

Мемлекеттің зайырлы қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету және дін жолындағы азаматтардың сұранысына сәйкес, Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі құлшылық бөлмелерін (намазхана) ашуға және діни әдебиетті сататын кітап дүкендеріне арналған талаптарды қайта қарады.

Бұл туралы stan.kz порталы аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, хабарлады.

“Дін істері және азаматтық қоғам министрі Ермекбаевтың бұйрығымен діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі Жаңа нұсқаулық қабылданды. Жаңа нұсқаулыққа енгізілген жаңашылдықтардың негізгісі – теміржол және автовокзалдар, әуежайлар мен порттарда діни іс-шараларды өткізуге арналған құлшылық бөлмелерін ашуға қатысты шектеудің алынып тасталуы. Аталған өзгеріс – алыс жолға шығып, саяхаттайтын діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыру мен оларға барынша жағдай жасау мақсатында енгізіліп отыр.

Елімізге қонақ ретінде келетін немесе ел аумағында саяхаттап жүретін діндарлар ұшақтарын немесе қатынайтын көлік түрлерін күтіп, әуежайлар мен авто және теміржол вокзалдарының күту бөлмелерінде ұзақ уақыт бойы отыруға мәжбүр болып жатады. Сондықтан олардың құлшылық жасауына аталған ғимараттарда арнайы орындар болуы қажет. Бұрындары мемлекеттік органдардан 300 метр қашықтықта орналаспаса  үй-жайларда құлышылық бөлмелерін (намазхана) ашуға шектеу қойылатын, енді, 300 метрге дейінгі шектеу діни білім ұйымдарын қоспағанда, тек барлық білім мекемелерінің аумағына қатысты қолданылатын болады.

Сонымен бірге, құлшылық ету бөлмелерін ашқан уақытта құлшылық жасау үшін қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуі үшін  тиісті талаптар сақталуы керек. Діни іс-шараларды өткізуге арналған  үй-жайлардың жалпы ауданы 20 шаршы метрден бастап 100 шаршы метрге дейін болуы қажет, сондай-ақ, үй-жайлар күзетті басқару пультіне тікелей шығатын бейнекамералармен жабдықталуы тиіс.  Бұдан бөлек, аталған үй-жайлар дәрет алу үшін қажетті  санитарлық тораппен қамтамасыз етіліп, және заңнамаға сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы керек”, – делінген хабарламада.

0 пікір
Мұрағат