Елімізде тіс эмалін табиғи түрде қалпына келтіретін жаңа технология қолданысқа енгізілді (фото)
Елімізде тіс эмалін табиғи түрде қалпына келтіретін жаңа технология қолданысқа енгізілді (фото)
8 жыл бұрын 8046 Назерке Сүйіндікова

Қазақстанда тіс эмалін табиғи түрде қалпына келтіретін жаңа технология қолданысқа енгізілді. Бұдан былай жаңа технологияның арқасында тіс дәрігерлері бұрғылаусыз, тез әрі ауыртпай емдеуге мүмкіндік алып отыр. 

Жоба жүз пайыз қазақстандық ғалымдарға тиесілі. Олар ерте сатысында бұзылған тіс эмалін табиғи түрде қайта қалпына келтіруге ықпал ететін жасанды ақуыз ойлап тапқан. Оның әзірлеу, сынама жасау және өндіру жұмыстары Астана қаласында Швейцария биотехнологиялық концернімен бірге жасалған.

Аталған технологияның авторы, BIOSMART институтының басшысы Бауыржан Айтуовтің айтуынша, дәстүрлі емдеуден гөрі , бұл препаратты пайдалану материалдық, уақыт жағынан да тиімдірек.

«Бұл технология бұзылған тіс эмалін ешқандай химиялық препараттар мен акрильді материалдарды пайдаланбай-ақ қайта қалпына келтіреді. Ол - InnoDent деп аталады. InnoDent дәрісі эмальдің табиғи өсіп, жетілуіне ықпал етеді. Емдеуге бар жоғы он бес минуттай уақыт кетеді және ауыртпай жасалады. Ол бір ай ішінде өз нәтижесін береді, яғни, өсіп шығады. Препараттың өзін Швейцарияға тапсырыс беру арқылы жасатамыз. Бұл дәріге балама технология Германия мен Швейцария мемлекеттерінде бар. Бірақ біздікі оның жетілдірілген нұсқасы саналады. Олардан ерекшелігі – біздің препарат екі апта мен бір айдың көлемінде өз нәтижесін береді. Ал, Еуропада пайдаланылатын дәрі бір мен үш айға арналған», - деді Б.Айтуов.

Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін 200 мың доллар қаражат кеткен. Болашақта тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Украина, келер жылдың екінші жартысында Қытай нарығына шығуды жопарлап отырмыз деді ол.

Сондай-ақ, бұл технология ағымдағы жылдың күзінен бастап еліміздегі тіс емдеу орталықтарында қолданылып келеді екен. «Жайық Дент» клиникасының бас дәрігері Алма Замураева қарашадан бүгінгі күнге дейін 28 адам осы препараттың көмегіне жүгінгенін атап өтті.

«Біз 27 қарашадан бастап емделушілерге ұсына бастадық. Бір айдай уақыт өтіп отыр. 28 адамның 108 тісін осы технология арқылы емдедік. Нәтижесін берді. Бұзылған эмаль қайта қалпына келіп, тстің өзінің түсін берді. Бұл препараттың балаларға және ересектерге арналған түрлері бар. Біз осы уақыт аралығында көбінесе балаларға қолдандық. Бұл кішкентай құтыда бес тамшы болады. Егер бір адамға бір тамшы жеткілікті болса, қалғаны пайдаға жарамайды. Оны тоңазытқышта, не басқа жерде сақтауға болмайды», - деді «Жайық Дент» клиникасының бас дәрігері Алма Замураева.

Сондай-ақ, бас дәрігердің айтуынша, тістің саулығын сақтау үшін әр адам жылына екі рет тіс дәрігеріне көрініп тұруы қажет.


Айта кетейік, бұл жоба Дүниежүзілік банкпен жасалған Қарыз туралы келісім шеңберінде ҚР БҒМ жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру» жобасына қатысу арқылы, мемлекет тарапынан бөлінген грантқа қол жеткізген.

Ал, жалпы, бұл бағдарлама 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2011 жылдан бері жалпы сомасы 5,9 млрд теңге бөлініп, 65 жобаға қолдау көрсетіліпті.

3 пікір
  • Жақсы жаңалық екен. Енді жаппай қолданысқа енсе тәуір болар еді.
    8 жыл бұрын
  • Міне,жаңалық.Мен бірде бір тіс дәрігеріне қаралып көрмеппін.Енді баруға болатын сияқты
    8 жыл бұрын
  • Бұл пломба орнына жарайды ма екен.Табиғи түрде ,биотехнология деп жазылыпты. Шынымен химиясыз болса керемет екен.Құрамында сынап бар пломбаның зияны туралы оқып едім.
    8 жыл бұрын
Мұрағат