Елімізде қылмыскерлердің ДНҚ мәліметтер базасы жасалады
Елімізде қылмыскерлердің ДНҚ мәліметтер базасы жасалады
8 жыл бұрын 3598 stan.kz

Қазақстанда ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасағандардың ДНҚ мәліметтер базасы құрастырылатын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

“Өткен жылдың аяғында “Дактилоскопиялық және геномды тіркеу” туралы заң қабылданған. Аталған заң аясында ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдардың гендік жиынтықтары жасалады. Бұл заң 2021 жылы күшіне енбек. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді ол заң бойынша құқық қорғау органдарының бұйрығымен қылмыс орнынан табылған және белгісіз адамдарға тиесілі генетикалық материалдардың барлығы мәліметтер базасына енгізіледі. Бұл қылмыскерлердің кейін де басқа күдікке ілінген кездерінде салыстыру үшін керек болады”, – деді Астана қаласы бойынша сот сараптамасы институты биологиялық және химиялық зертхана меңгерушісі Іңкәр Тәжіғұлов.

Оның сөзінше бұл уақытты үнемдеп, қылмысты ашуға себеп болады.

“Алғаш рет мәліметтер базасы 1995 жылы Ұлыбританияда құрылды. Мен былтыр “Болашақ” бағдарламасы арқылы сол жақта тәжірибеден өттім. Елге келгеннен кейін мен бұл мәселе бойынша жұмыс тобын құрдым. Қазіргі таңда біздің білікті сарапшыларымыз барлық нормативтік құжаттарды реттеп, заңды толыққанды жасақтап шығуға тырысып жатыр”, – деді ол.

Қазіргі кезде Институт азаматтық және қылмыстық сот сараптамалық өндірісі бойынша молекулярлы-генетикалық зерттеу жасап жатыр. Азаматтық іс бойынша – әкелік, аналық жағдайларды анықтайды. Қылмыстық іс бойынша – адам өлтіру, зорлау, жалпы жеке басқа бағытталатын барлық қылмыс түрлері кіреді. Тәжіғұловтың айтуынша, қазір қылмыс категориялары бұрынғыға қарағанда кеңейген. Бұрын сараптама ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жасалса, қазір ондай қылмыстардың қатарын есірткі тасымалы, ұрлық толықтырып тұр.

“Қылмыс орнынан табылған биологиялық материалдар бізге жіберіледі. Өз тәжірибемнен мысал келтіре аламын. Бірде кәмелетке толмаған адамға қарсы жыныстық зорлық әрекеті орын алды. Аталмыш категория бойынша 100-ден астам бейнені қарастырдық. Біз қылмыс болған ауылдағы ер адамдардың барлығын дерлік тексеріп шықтық. Бірақ, олардың ешбірінің ДНҚ-сы қылмыс орынынан табылған ДНҚ-мен сәйкес келмей қойды. Ұзақ уақыттан соң бізге тағы бір үлгі келіп түсіп, ол қылмыс орынындағы материалмен сәйкес келді. Бірақ, оның біз барған елдімекенге еш қатысы жоқ екен. Яғни, қылмысты ол ауылға қатысы жоқ, мүлде басқа адам жасаған. Сондықтан бұл база өте керек. Мұндай база кінәлі емес адамдарды анықтап, нағыз қылмыскердің кім екенін біліп бере алады”, – дейді ол.

Маманның айтуынша, жалпы әр адам өз ДНҚ-сы туралы ақпарат білгені абзал. Мәселен, бұл зертханадағы қызметкерлердің әрқайсының генетикалық төлқұжаттары бар. Бұл олардың ДНҚ мәліметі зерттеу нысанына түсіп кетпес үшін жасалған.

“Генетикалық төлқұжат бірінші кезекте өмірлерін қатерге тігіп жұмыс істейтін адамдар үшін керек. Бұлар құқық қорғау органдары, әскерилер, ұшқыштар деген сияқты. Бұл қатарға журналистерді де кіргізуге болады. Ешкім мұндай мәліметке ешқашан жүгінгісі келмейді әрине. Бірақ, бір жағдай бола қалса оның көмегі орасан болмақ”, – дейді ол.

0 пікір
Мұрағат