Елімізде қант диабетіне шалдыққан балаларға жазғы лагерлер ұйымдастырылмақ
Елімізде қант диабетіне шалдыққан балаларға жазғы лагерлер ұйымдастырылмақ
6 жыл бұрын 2696 baq.kz Азамат Темірбеков

Өскеменде қантты диабет дертіне шалдыққан балаларға жазғы лагерлер ұйымдастырылмақ. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық Талдау және болжау институтында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды.

Алматы қаласында ұйымдастырылған осындай лагерлер табиғаты тамылжыған Шығыс өңіріне де қажет. Бүгінде дерті ауыр баласын қайда апарарын білмеген ата-ана осы мәселенің шешімін шеттен іздейтіні рас. Осы ретте көмекке көрші өңірдің азаматтары келіп, қолұшын созбақ ниетте көрінеді.

«Алматы қаласында мұндай лагерлерді ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жыл сайын осындай дертке шалдыққан балалардан топтар құрып, жазғы лагерлерге апарамыз. Өзімізбен бірге медбике ала жүреміз. Ол балалардың қан құрамындағы қант мөлшерін үнемі тексеріп, басқа да медициналық көмек көрсетіп отырады. Балалар 10 күн ішінде физио, фитотерапиямен қатар, сумен емделіп, массаж курстарынан өтеді», - деді Қазақстан Республикасы Диабет ассоциациясының президенті Лейла Жұбандықова.

Ол табиғаты тамаша Шығыс Қазақстан өңірі де мұндай лагерлерді ұйымдастыруға қолайлы екенін айтады. Дегенмен көп жағдайда ата-аналар көзінің қарашығындай қорғаштаған баласын бүтіндей 10 күнге өзге адамдардың қарауына жіберіп қоюға дәті шыдамай жататыны да жоқ емес.

«Жазғы лагерлер елді мекеннен алыс болмауы тиіс. Әрі кеткенде 20-25 шақырым қашықтықта орналасса тіптен жақсы. Оған медицина қызметкерімен қатар ата-аналардың өздерінің де барғаны жөн. Біздің ұйым қантты диабет дертіне шалдыққан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға барынша қаражат бөлуге дайын. Тек сіздердің тараптарыңыздан оларды ұйымдастыру және орынды анықтау мәселелері шешілсе болғаны», - деді Қазақстан Республикасы Диабет ассоциациясы президентінің орынбасары Руслан Закиев.

Мұндай лагерлердің бала денсаулығын жақсартумен қатар оның көңіл-күйіне де оң әсер ететінін алға тартқан ол баланың айналасындағылармен қарым-қатынасы жақсарып, достар табуына септігі тиетінін айтады.

«Мұндай лагерлер өңірімізде ұйымдастырылып жатса баламды жіберуге қарсы емеспін. Оның үнемі біздің қамқорда болмай үлкен әлемге шыққанын қалаймын. Ата-ананың аялы алақанынан бір уақыт алысқа ұзап, өз денсаулығына өзі жауапкершілікпен қарауға үйренгені дұрыс. Баланың ішкен асын, жүріс-тұрысын үнемі бақылап отыру біз үшін де оңай емес», - деді Күршім ауданынан шараға қатысуға арнайы келген Әсел Қатияшова.

Қоса кетсек, ҚР Диабет ассоциациясы ШҚО бойынша ревизиялық комиссиясының төрайымы Лариса Клостердің айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 230-ға жуық бала қантты диабет дертіне шалдыққан. Ал Өскемен қаласында мұндай дертпен ауыратын 0-ден 15 жасқа дейінгі - 69 бала болса, 30 бала 15-тен 18 жасқа жейінгі жасөспірімдер көрінеді. 

0 пікір
Мұрағат