Елімізде криптоайырбастау қызметі жанданады – Ұлттық құрылтай
|

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында криптоайырбастау, цифрлық майнинг салаларын ырықтандыруды тапсырды.
- Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру саласындағы жаңашылдықтар цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға бағытталуы керектігін баса айтты.
- Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандырудың шұғыл шараларын қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді, - деді Президент.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.
Есімжан Нақтыбай