Елімізде жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынбақ
Елімізде жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынбақ
9 ай бұрын 578 kaz.inform.kz Руслан Ғаббасов

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеу мәселесін көтерді. Бұл туралы kaz.inform.kz ақпарат көзі хабарлады. 

«Ұлт қауіпсіздігінің негізгі стратегиясының бірі – ұлт денсаулығы. Өскелең ұрпақтың денсаулығы – ұлт болашағы. Бүгін Сенатта қаралған заңды осыған дейін талқылау барысында депутаттар балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныстар болды. Себебі, энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауырларына алып келеді. Жүкті әйелдерге де кері әсер етеді. Адамда қорқыныш, үрей пайда болады. Психологиялық және физикалық тәуелділікке алып келеді. Біз ұсынған түзетулер белгілі бір дәрежеде бизнесті шектейтін түсінеміз. Алайда, балаларымыздың денсаулығы кез келген трлн-даған қаржыдан қымбат екенін естеріңізге салғым келеді. Неге Үкімет Парламент депутаттарының бастамасын қолдап, бүгінге дейін осы мәселенің қорытындысын бермеді? Осы мәселе бойынша нақты ұсынымдарды білгіміз келеді. Бұл мәселе қандай мерзімде, қандай заң жобасы аясында өзінің заңнамалық шешімін табады?», - деп сұрады сенатор Ғалисқар Сарыбаев.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев аталған мәселе бойынша тиісті жұмыс басталғанын айтты.

«Қазір 21 жасқа дейін жасөспірімдер мен балаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу бойынша АРВ (анализ регуляторного воздействия - реттеушілік әсерді талдау) дайындалған. Ол Үкіметаралық комиссияда мақұлданған. Қазір Үкімет қорытындысының жобасы дайын. Барлық орталық мемлекеттік органдармен келісілген. Қазір ішкі істер министрлігімен келісу ғана қалды. Сонымен қатар, басқа нормалар бойынша вендингтік аппараттарда осы өнімді сату немесе жарнамаларға тыйым салу бойынша АРВ (анализ регуляторного воздействия) мәселесі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Біздің ойымызша, Мәжілістегі «Лудономания туралы» заңнамаға осы нормаларды енгіземіз», - деді вице-министр.

Еске салсақ, былтыр күзде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу мәселесі пысықталып жатқанын айтты. 

0 пікір
Мұрағат