Елдегі қазақтар саны 13 млн 300 мың адамға жетті
Елдегі қазақтар саны 13 млн 300 мың адамға жетті
3 жыл бұрын 2418 turkystan.kz Рүстем Жұман

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, бір жылда  қазақ ұлтының үлесі 0,6 пайызға (80 мың адам) өсіп, 2022 жылдың басында 69,59 пайызға жетті деп хабарлады turkystan.kz naizager.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл елімізде қазақтардың жалпы саны 13,3 млн адам болды дегенді білдіреді.

Бюллетеньдегі ақпаратқа қарағанда,  елімізде қазақтардың саны соңғы отыз жылда 2 есе өсіп (1989 жылғы халық санағы бойынша қазақтар саны небары 39,7% болған), 69,59 %-ке жеткен.

Бүгінде 5 өңірде қазақтар үлесі 80%-тен артық. Мысалы, Нұр-Сұлтанда 81,08%, Ақтөбе облысында 84,29%, Маңғыстау облысында 91,57%, Атырау облысында 93,01% және Қызылорда облысында 96,54% қазақтар тұрады.  Солтүстік Қазақстанда орыстар үлесі 49 %  болса, қазақтар небары 35%-ті құрап отыр. Ал басқа аймақтарда қазақтардың үлесі салмағы басым.

Былтыр қазақ ұлтынан басқа тағы бірнеше ұлт диаспораларының үлесі артты. Нақты айтқанда, бір жылда өзбектер 17,6 мыңға көбейіп, жалпы есебі бойынша, 637,9 мыңға жеткен. Сондықтан еліміздегі өзбектер саны жағынан 3-орында тұр. Олардың көбісі Түркістан облысы мен Шымкент қаласына және соның маңайындағы аудандарға шоғырланған.

Ұйғырлар бір жылда 4,2 мыңға көбейіп, жалпы саны 283,1 мыңға жеткен. Әзербайжан 116,7 мың, түрік 116,2 мың, дүнген 78,2 мың, тәжіктер 53,4 мың болып, олардың да үлес салмағы артқан.

Ал еліміздегі орыстар саны бір жылда 48,5 мыңға азайған. Қазір Қазақстанда 3 млн 430 мың орыс тұрып жатыр. Олардың үлесі жалпы халықтың 17,94 пайызы.

Қазақстанда соңғы жылда украиндардың саны да азайған. Қазір елде небары 247 мың украин бар.

Былтыр 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адам болып, қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені айтылған еді.

2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлесі 63,1 пайыз болған.

0 пікір
Мұрағат