Ел жаңалықтары: Елімізде қытайлық қара жұмыскерлердің саны артуда
|
Қазақстанда еңбекке тартылатын шетелдік жұмыс күшінің үштен бірі – Қытай азаматтары. Бұл туралы nur.kz ақпарат көзі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықовқа сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
"Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі бізге Қытай мен Түркия елдерінен келеді. Еңбекке тартылатын шетелдік жұмыс күшінің 31%-ы Қытайға тиесілі. Егер салалар туралы сөз қозғасақ, онда шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі құрылыс саласында еңбек етеді – барлық тартылған шетелдік жұмыс күшінің 66%-ы, сондай-ақ тау-кен, өңдеуші өнеркәсіптерге де жұмылдырылады", - деп мәлім етті Дәулет Арғандықов.
Кемшіліктерге тоқтала кеткен ол шетелдік жұмыс күшін тарту тиімділігінің қазіргі жүйесі едәуір күрделі екенін атап өтті. Рұқсат беруден тікелей экономикалық тиімділік үнемі бола бермейді, ерекше шарттар да өзін-өзі ақтамай жатады.
Оның айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартудағы кемшіліктердің бірі Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасу деңгейінің төмендігі болып табылады.
Қазақ хандығының құрылу тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
BAQ.KZ ақпарат көзінің хабарлауынша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясының тұсаукесері өтті.
Автор ғылыми еңбегінде «Тақырыптың теориялық және методологиялық мәселелері», «Қазақ хандығының құрылу тарихының деректері», «Қазақ хандығының құрылу тарихнамасы», «Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарттары», «Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары», «Қазақ хандығының құрылу барысы және оның кезеңдері», «Қазақ этнонимі: мәні мен мазмұнына тарихнамалық талдау» тәрізді тарауларға жіктеу арқылы автор қазақ хандығының құрылу тарихын түрлі деректермен дәлелдеп, сол кезеңдердегі тарихи процесстерге талдау жасаған.
«Ұлан-байтақ Қазақ жеріндегі мемлекеттік тарихтың басталғанына 3 мың жылдай уақыт болды. Скифтердің, одан кейінгі сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың тарихы Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихының маңызды бір бөлігі болса, олардың мемлекеттік тарихы да қазақ жеріндегі мемлекеттік тарихтың бастаулары болып саналады. Түрік дәуірінде мемлекеттілік нығая түсіп, ол қағанат (империя) деңгейіне дейін көтеріледі. Ал Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттіліктің тарихы баршаға мәлім. ...Қазақ хандығы дәуіріндегі әрбір тарихи мәселенің маңызы ерекше болып саналады. Соның ішінде хандықтың құрылуы мәселесінің көкейкестілігі басқа мәселелерден бір табан алда тұр. Өйткені хандықтың құрылуы қазақ этносының тарих төріне шығуымен қатар жүріп, саяси және этникалық үдерістер бір-біріне тікелей ықпал жасайды. ...Бұл монография қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті – Қазақ хандығының құрылу тарихына арналып отырған алғашқы еңбек. Ондағы кейбір ғылыми тұжырымдар бұрыннан ғылымға белгілі болса, ал кейбір тұжырымдар тұңғыш рет ұсынылып отыр», – деді тарихшы-ғалым Берекет Кәрібаев.
Монографияда орта ғасырдағы қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті – Қазақ Хандығының құрылу тарихының мәселелері қарастырылған. Автор әр тілде жазылған көптеген ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне, түрік халықтары мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылу тарихындағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде тереңірек зерттейді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы бір кезеңде жүзеге асқан тарихи үрдіс деп есептеп, Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетеді.
Биыл әлеуметтік даму мен денсаулық саласына 2,4 трлн теңге бөлінді
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша биыл әлеуметтік даму мен денсаулық саласына 2,4 трлн теңге бөлінді. Сондай-ақ Үкімет өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттердің барлығын іске асыратын болады,-деп мәлім етті ҚР Денсаулықт сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
«Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын аяқталғалы отыр. Министрлік өкілдері енді аталмыш бағдарламаның 4 кезеңді қамтитын екінші бағдарламасын іске асырмақ . Оның біріншісі бойынша медициналық сақтандыру жүйесін енгізілмек. Яғни елімізде жұмысшылардың денсаулықтары үшін жұмысшының өзі де, жұмыс беруші де бірдей жауапты болады»,-деді министр.
«Осы жылы әлеуметтік даму мен денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды орындауға републикалық бюджеттен 2,4 трлн теңге бөлініп отыр. Әлеуметтік төлем дер бойынша 1,6 трлн, денсаулық сақтау саласына 678 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде тегін медициналық көмекке 574 млрд теңге бөлінді», - деді министр өз сөзінде.
Министр атап өткендей, 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев мемлекет халық алдындағы барлық міндеттерді сақтау керектігін айтқан болатын.