Түркияның «Dünya» газеті бір нөмірін Қазақстанға арнады
Түркияның «Dünya» газеті бір нөмірін Қазақстанға арнады
9 жыл бұрын 3759

Түркияның танымал экономикалық «Dünya»  газеті бір санында толығымен Қазақстан Республикасының жетістіктеріне арналған «Қазақстан» атты арнайы басылымы жарық көрді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Арнайы басылым Қазақстанның жетістіктері туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар мен мақалаларды, сонымен қатар ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын және «Астана-ЭКСПО-2017» туралы ақпараттарды қамтыған.

Газеттің алғашқы беттері Елшіліктің түрік тіліне аударған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Жолдауының негізгі қағидаларымен басталады.

Келесі тарауларда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың, Түркияның Экономика министрі Нихат Зейбекшінің және ТР Индустрия, ғылым және технологиялар министрі Фикра Ышыктың қазақ-түрік қарым-қатынастардың жай-күйі туралы, сонымен қатар Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың, саясаттанушылардың, академиялық қайраткерлердің және тағы басқалардың мақалалары басылды. Олардың мәтінінде тәуелсіздік жылдардағы Қазақстанның жетістіктері, Қазақстанның даму бағдарламалары, Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өтуге дайындық, «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыруға әзірлігі және басқа да мәселелер жоғары бағалануда.

Ф.Ышык «Қазақ-түрік қарым-қатынастар институционалды ынтымақтастықтың дамыған сипатына ие. 2012 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түркияға сапары аясында Қазақ-түрік Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысы, ал ТР Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның 2012 жылғы Қазақстанға сапары аясында екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі дамуының мықты негізі болатын «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойылды», - деп атап өтті.

Газеттің редакторлары қазақ-түрік сауда-экономикалық ынтымақтастығына ерекше көңіл бөліп, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қазақ-түрік бірлескен компаниялар мен фирмалардың рөлін атап өтті.

Жалпы арнайы басылым түрік қоғамдастығының Қазақстанға және еліміздің жетістіктеріне қатысты қызығушылығын танытты.

«Dünya» газеті Түркияның ең танымал экономикалық газеті болып табылады. Газет Түркияның бүкіл аумағында, сонымен қатар Америка, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі дипломатиялық және басқа да өкілдіктерінде таратылады.

Түркия Қазақстанның ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. 2014 жылы екі ел арасындағы тауарайналым 3,296 млрд. АҚШ долларын құраған (соның ішінде, экспорт – 2,2725 млрд. АҚШ доллары, ал импорт – 1,0235 млн. АҚШ долларын құраған).

Қазақстан-Түрік Үкіметаралық экономикалық комиссия екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің тиімді механизмі болып табылады (Тең төрағалар: ҚР Инвестициялар мен даму Министрі Ә.Исекешев пен ТР Экономика Министрі Н.Зейбекші). 

0 пікір
Мұрағат