Ел іші: Адамға көрсетілген зорлық-зомбылықты бағалаудың өлшемдері жасалды
Ел іші: Адамға көрсетілген зорлық-зомбылықты бағалаудың өлшемдері жасалды
10 жыл бұрын 5574

Елімізде адамға көрсетілген зорлық-зомбылықты бағалаудың өлшемдері жасалды. Бұл жайында ел премьеріне депутаттық сауал жолдаған Гүлнар Ықсановаға, Ирина Ароноваға, Айгүл Нұркинаға, Надежда Петуховаға және Светлана Ферхоға берілген жауапта айтылған. Зорлық-зомбылықты бағалауға мүмкіндік беретін өлшемдер Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, ҚР Білім беру және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген. ҚР премьер-министрі айтып өткеніндей, бұл шара өз кезегінде адам саудасының құрбандарына және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік береді. Мұндай зорлық-зомбылықтың қатарына адам ұрлау да кірген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық төрт тарау бойынша бағаланады: күш көрсету, психологиялық қысым жасау, экономикалық тұрғыдан кіріптар ету және төсек қатынасына мәжбүрлеу. Осы өлшемдер бойынша тиісті шешім қабылданады. «Арнайы әлеуметтік көмек туралы» заңға сәйкес зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам жергілікті атқарушы биліктен көмек сұрай алады. Премьер-министр Кәрім Қажымқанұлының айтуынша, бүгінгі таңда зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға 32 дағдарыс орталығы көмек көрсетуде. Аталмыш орталықтың 8-і – жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. 15-і – мемлекеттік тапсырыс есебінен, ал қалған сегізі – халықаралық грант негізінде. Олардың сенім телефонына 10 мыңнан аса қоңырау шалынған өткен жылы. Сондай-ақ, дағдарыс орталықтарына 12 мыңдай әйел өз аяғымен келіп көмек сұраған екен. Олардың 3,5 мыңы ішкі істер органдарына жөнелтілді. Ал тұрақты тіркелген жері жоқ, алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар арнайы әлеуметтік көмекті Әлеуметтік бейімдеу орталықтарынан ала алады.  

 

Қазақ клавиатурасының өндірісі жыл аяғына дейін жолға қойылады 

Үстіміздегі жылдың аяғына дейін Алматы қаласында қазақ клавиатурасының өндірісі жолға қойылады. Бұл жайында аталмыш жоба авторы Медет Тұрғамбаев Tengrinews.kz ақпарат көзінің тілшісіне айтып берді. Әзірге қазақ клавиатурасы Қытайда аз-аздан шығарылуда. Жуырда қазақ клавиатурасын жасағандар өз туындыларын патенттеген болатын, қазіргі уақытта олар грант негізінде қаржы алу үшін технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке құжаттар дайындап жатыр.  

 

0 пікір
Мұрағат