ЕХРО-2017: Қазақстан әлемді несімен таңғалдырады? (фото)
ЕХРО-2017: Қазақстан әлемді несімен таңғалдырады? (фото)
7 жыл бұрын 5212 Baq.kz С.Абайұлы

Тойдың боларынан боладысы қызық демекші, Астана қазір ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қызу дайындалып жатыр. Халықаралық шараның басталуына небәрі он шақты күн қалды. Қонақтарды күтіп алатын әуежай мен темір жол вокзалынан бастап, қаладағы жолдар, ғимараттар түгел жөнделіп, жаңалары тазаланып жатыр. Қонағын құдайындай сыйлайтын халық екеніміз баршаға мәлім, ертең шетелдіктер келгенде Қазақстан туралы, қазақтар туралы теріс пікір қалыптаспау керек. 

Тазалық пен сұлулық және елдің имиджі өз алдына, көрмеге келгендердің басты назары оған қойылатын жобаларға ауары сөзсіз. Бұған дейінгі ЭКСПО көрмелері, тамақ өнеркәсібі, индустриаландыру, өндіріс секілді тақырыптарда өтіп келген болса, Астана көрмесі ғылыми жобаларға негізделіп отыр. Ғылыми болғанда да дәл қазір бүкіл әлемде үлкен қажеттілік тудырып отқан энергия көздеріне арналмақ. Жай энергия емес, баламалы, жаңартылған энергия.

Дәл осы тақырып аясында Астанаға әлемнің 115 елі мен 22 халықаралық ұйымы өз жобаларын «арқалап» әкеледі. Бұл жобалардың барлығы да эгергия көздерін экологияға қауіпсіз және шектеусіз көлемде өндіруге негізделмек.

Мәселен, бүгінге дейін адамзат баласы энергия көздерін негізінен жылу, атом және су электростанцияларынан алып келді. Алғашқысының шикізаты көмір мен мазут секілді қатты отын болса, атом электр станциялары негізінен уранмен «қоректенеді». Ал, гидроэлектростанциялар (су) ағысы қатты өзендерден энергия көзін алады.

Ал, қазіргі жаңа ғылыми жобалар болса күннен, желден, тіпті жер қыртысынан да қуат алуға мүмкіндік береді. Рас, бұл үш көзден де электр энергиясы бұған дейін алынып келген. Бірақ, қажетті мөлшерде өндіру мүмкін болған жоқ, әрі ол экономикалық тұрғыдан да қиындықтар туғызатын. Астанадағы ЭКСПО көрмесінің алаңы осы проблемаларды шешуге арналып отыр.

Шарда не шарлауға болады?

Көрмеге қойылатын жобаларды айтпастан бұрын ЭКСПО ғимаратының ерекшелігіне тоқталып өтсек. Қазақстан «болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдағандықтан, көрме ғимараттары да атына заты сай. Павильондардың шатырына күн батареялары орнатылса, ортадағы үлкен сфераның (шар) жоғарғы бөлігінде екі жел генераторы бар.

Қосымша жел қондырғылары ЭКСПО-Парк аумағында орналасқан. Олар желдің бағытына тәуелді емес, жел қай бағыттан тұрса да электр энергиясын өндіре алатын мүмкіндікке ие.

Сонымен қатар, көрме нысандарына арналған жылыту жүктемелерін алмастыру үшін геотермалды энергияны пайдалану жоспарлануда. Астанада Көрме аумағында ыстық жерасты суларының қорлары жоқ болғандықтан, жылуды жер қойнауынан жылу сорғыларының көмегімен алу әдісі қолданылатын болады. Бұл – бүгінгі күні тиімді энегияүнемдеуші, экологиялық таза жылыту және кондициялау жүйесі.

Сондай-ақ, көрме аумағындағы паркинг жүйесі де толықтай «ақылды» технологиялармен жабдықталған. Бұл сол маңайда көлік кептелісін болдырмауға ептігін тигізеді.

Қазақстан ЕХРО-ға қандай «болашақ энергиясын» ұсынбақшы?

Енді көрменің өзіне тоқталсақ. Қазақстан әлемді қандай жаңалықтарымен таң қалдырады? «Болашақтың энергиясын» ойлап табуға отандық ғалымдар үлес қоса ала ма? Сол жайында азды-кем ой қозғап көрсек...

ЭКСПО-дағы «Қазақстан» павильоны екі бөліктен тұрады: бірі – елмен танысуға арналса, екіншісі – ғылыми жобалар. Отандық ғалымдар ұсынатын 28 жоба осы екінші бөлікте орналасады. Солардың ең ірілері және маңыздылары жайында айтайық.

Қазақстан ғалымдарының ұсынатын басты энергетикалық жобасы – «Токамак» деп аталатын тероидальды камера.

ФОТО: «Литер»

Курчатов ғалымдары оның құрылысын сонау 2003 жылы бастаған екен. ЭКСПО көрмесі қарсаңында толықтай аяқтап, шетелдіктердің назарына ұсынамыз деп отыр.

«Токамак» ешқандай көмір немесе мұнай өнімдерін қажет етпейді. Оның жұмысы термоядролық синтезге негізделген. Қысқасы, бұл алып аппарат Жердегі Күн іспеттес, яғни еш тоқтаусыз электр энергиясын беріп отырады және ешқашан сөніп қалмайды. Жобаны Қазақстан ғалымдары ресейлік мамандармен тәжірибе алмасу арқылы жүзеге асыруда.

Қазақстандық ғалымдардың ұсынатын тағы бір ірі жобасы «Ұлы дала энергиясы: «ҚазЖелҚуат-ВРТБ» жел мен күн» деп аталады.

Бұл аты айтып тұрғандай, негізінен желден энергия алатын роторлы турбина. Қондырғының басты 6 ерекшелігі бар, олар:

1. Желді кез келген бағытта және жылдамдықта қабылдай береді;

2. Жел жылдамдығы төмен болған жағдайда роторлары кері бағытта айналып, жел жылдамдығын екі есеге дейін арттыра алады;

3. Турбинаға кіретін ауа ағымын сығымдайды және пайдаланылған ауаны жылдам сыртқа шығарып тастайды;

4. Дауылды жел болған сәтте турбиналар тұрақты түрде тоқтап қалмай, артық дірілсіз жұмыс істей береді;

5. Электрогенераторды дауылды жел кезінде қызып кетуден сақтайтын қорғау жүйесі артық энергияны қосалқы сақтау көздеріне жөнелтіп, энергия қорын жасай алады;

6. Турбинаның электрлі қондырғысы жиналған барлық энергияны бір қысымда пайдаланушыға бере алады.

Бүгінде ҚазЖелҚуат турбиналары Қазақстанның үш аймағына орнатылған. Біріншісі Алматы облысы, Алакөл ауданыдағы «Достық» станциясында «Транстелеком» АҚ-ның нысанында тұр. «Жоңғар қақпасындағы» осынау электрогенератордың орны өте сәтті таңдалған дейді мамандар. Қысы-жазы жел үзілмейтін бұл маңнан электр энергиясын өндіру де тиімді.

Тағы екі жел станциясы Астанадағы «жасыл белдеуде». Бұл жерге әрқайсысы 5 кВт болатын екі қондырғы орнатылды. Қазір екеуі де жұмыс істеп тұр.

Тағы бір қуатты электрогенератор Маңғыстау облысындағы шаруа қожалықтарының бірінде іске қосылған. Бұл қондырғылармен тек энергия көзін ғана алмай, мамандар ауа райын да болжауға болатынын айтып отыр.

ЭКСПО-дағы «Қазақстан» павильонынан елімізде шығарылып жатқан жарықдиодты шамдарды да көруге болады.

Жарықдиодты шамдар

Аталған шамдар қолданыстағы вольфрам шамдарын қазір айналымнан шығарып келеді. Оның басты ерекшелігі – электр үнемділігінде. Мәселен, вольфрам шамдарында энергияның 90 пайызы жылуға, тек 10 пайызы ғана жарықтандыруға жұмсалса, жарықдиодты шамдар жылуға мүлдем электр энергиясын жаратпайды, яғни энергияның 100 пайызы тек жарықтандыруға жұмсалады. Мұның тиімділігін әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бәрі жақсы біледі және жаппай қолданысқа енген.

Аталған өнімнің өндірісімен Астанадағы «LED System LLP» компаниясы айналысып келеді. Оған дейін Қазақстанға жыл 80 млн дана жарықдиодты шамдар сырттан сатып әкелінген.

Қазақ ғалымы Жұмабай Бәкеновтің ойлап тапқан аккумуляторлары да ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстанның басты экспонаттарының біріне айналады. Литий-ионды энергия сақтағыштар Қазақстанда шығарылатын электромобильдерге және ұялы телефондарға орнатылмақ. Аккумулятордың басты ерекшелігі – энергияны үнемдеп жұмсайды және энергия сыйымдылығы бәсекелестерінен әлдеқайда көлемді.

Литий-йонды аккумулятор

Назарбаев Университетінің жаныннан ашылған KunTech стартап компаниясы да ЭКСПО-2017 қонақтарына «болашақ энергиясын» өндіре алатын өнімдерін ұсынғалы отыр. Атап айтқанда, компанияның жас ғалымдары ойлап тапқан жалпақ күн коллекторлары шетелдіктердің қызығушылығын тудырады деген үміт басым.

KunTech күн коллекторлары

Ғалымдардың өздері болса аталған коллекторлар Батыс өнертапқыштарының өнімдеріне бәсекелес болатынына сенімді. Өйткені, энергосыйымдылығы әлдеқайда жоғары және бағасы да өте қолжетімді. Оның ерекшелігі сол, ыстық суға және жылуға кететін жылдық шығынды 60 пайызға дейін қысқартады.

Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Елдос Сыбанбаев жасап шығарған планарлы концентратты кремний күн батареялары қарапайым күн батареяларынан екі есе арзан, экологиялық қауіпсіз. Бірақ сапасы жағынан еш кем емес. Яғни, энергия сыйымдылығы жоғары, қуат үнемдеуі бәсекелестерімен бірдей. Ал, арзан болу себебі – кремний элементін 5-7 есеге дейін аз қолдануында.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, қарапайым күн батареяларында кремний көп болғандықтан экологияға айтарлықтай қауіпті. Оның үстіне бағасы да аса қымбат. Қазақстандық ғалым планарлы концентратты пайдалану арқылы күн батареясындағы кремнидің көлемін азайтып отыр.

Күн батареялары

Астана ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық көрмедегі «Қазақстан» павильонында барлығы 28 отандық жоба қонақтар назарына ұсынылатын болады. Олардың барлығы дерлік энергия көздерін шығынсыз, қолжетімді бағада, экологиялық таза жолмен өндіруге негізделген.

Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің жас ғалымдары ойлап тапқан стартап жобалар да көрмеге қойылады. Аталған жобалар әлемдегі ең үздік 100 стартап-идеяның қатарына енгендігін де айта кету керек. Олар тек «болашақ энергияға» ғана негізделіп қоймаған. Қазақстандық жас ғалымдар адам бойындағы энергияны сақтаудың да тың жолдарын ойлап тауыпты.

Жолымыз болса, жаңа жобалармен мұнай бағасына әсер етеміз

Қысқасы, отандық өнертапқыштар өз өнімдеріне шетелдіктер тарапынан қызығушылықтың болатынына сенімді. Ал, егер қызығушылық туындаса өнімдерімізді экспорттаймыз. Яғни, Қазақстанда жасалған күн мен жел батареяларын сату арқылы отандық өндірісті дамытуға үлкен мүмкіндік туындайды. Оған қоса өз елімізде баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы мұнай өнімдерінің (жанармай, дизельдік отын, керосин мен солярка), қатты отындардың бағасын әлдеқайда арзандатуға болады.

Демек, ЭКСПО алаңы тек көрме ғана емес, бұл инновациялық технологиялармен айналысатын елдер үшін үлкен нарыққа да айналмақ. Әсіресе, Германия, Жапония, Швейцария, Ұлыбритания, Малайзия елдерінің «жасыл технология» бойынша әзірлеген жобаларына қазірдің өзінде қызығушылық басым. Аталған мемлекеттер Қазақстан ұйымдастырған көрме арқылы өз өнімдерін бүкіл әлемге танытпақшы.

Осылайша, ЭКСПО-2017 көпшілік (кейбір қазақстандық тұрғындар) ойлап жүргендей, жай ғана ғылыми көрме мен концерттік бағдарламалар емес, бұл бүкіл әлемдегі энергетика тапшылығын жоюға бағытталған МЕГА-жоба. Дәл осы энергия көздерінің тапшылығынан қазір Орталық Азия елдерінде біраз теке-тірестердің пайда болғанын білеміз. Сондықтан, біздің көрші елдеріміздің Астана ЭКСПО-2017 көрмесінен күтері көп. Ал, бұл проблемалардың шешілуіне Қазақстанның ғалымдары үлес қосып жатса нұр үстіне нұр.

0 пікір
Мұрағат