Егізі көп ауыл (фото)
Егізі көп ауыл (фото)
7 жыл бұрын 4361 Ибраш ӘЛИ

Егемендік ел еншісіне тигеннен бері Сыр өңіріндегі Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаев атымен аталатын ауылда оннан астам егіздер жұбы өмірге келген. Барлығы 310 отбасы қоныстанған, тұрғындар саны 1845 болатын ауыл үшін бұл үлкен көрсеткіш. Яғни, әр әулеттің өз егіздері бар дегенге саяды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат көзі. 

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Жанарыс пен Бекарыс Сапаевтар әулетінің мақтанышы ғана емес, отбасын құрып, түтіндерін түзу түтетіп отырған отағалары. Бүгінде екеуі де білім ошақтарында жұмыс істейді. Сол жылы Алмат, Самат Есмахановтар да өмір есігін ашқан. Арнайы музыкалық білім алған бозбалалар қазіргі күні Сыр өнерін кеңінен насихаттап келеді.

Ал, Аймаховтар отбасының егіздерінің үлкендері Ержан – Қостанай облысының Рудный қаласындағы педагогикалық университет студенті болса, Нұржан – Астана қаласында темір жол саласы бойынша білім алуда. Ержан мен Нұржанның немере бауырлары Еділ-Жайық Абзалдар Қазалы көлік-техникалық колледжін бітірген. Қазіргі таңда бірі Астана қаласында, екіншісі Байқоңыр қаласында өздері қалаған жұмыстарын жасап, тірліктерін тіктеп жүр.

Киікбай Нағызәлиев пен Алмагүл Алдамбергенованың шаңырағын да жерлестері «қос егізі бар үй» атайды. 1997 жылы туылған Ерқанат пен Нұрқанат ата-анасының қолғанаттары болып, жақындары мен туыстарына өз қолқабыстарын тигізуде. Ал, бұл үйдегі 11 жасар егіз Бекзат пен Саят болса, ағаларына қарап үлгі алып, көпшілік көңілін сүйсіндірген балақайлар болып өсіп келеді.

Елбасымыздың туған күні өмірге келген егіздер Нұрсұлтан мен Сара (суретте) да осы ауылда дүниеге келген. Олар биыл кәмелет жасына толып, өз төлқұжаттарын алады.

2006 жыл Батыр ауылы үшін берекелі жыл болды. Олай дейтініміз, негізсіз емес. Жыл соңына дейін қатарға қосылған алты бүлдіршін үш шаңырақты қуанышқа бөледі. Жоғарыда атап кеткен Бекзат пен Саяттан өзге, бұл жылы Айдана-Айбек Иганберген, Еркем-ай-Еркетай Асандар дүние есігін ашты.

2010 жылғы Толғанай – Толағай Аманжол, 2012 жылғы Ақтілек – Ақниет Жақайымдар – сыныптарындағы белсенді, көпшіл оқушылар. Мектептің қоғамдық жұмыстарынан тыс қалмай, түрлерінің ұқсастықтары болғанымен, талғам, даму ерекшеліктерінің әралуан екендігін байқатып келеді.

Әзірге егіздердің кішкентайлары саналатын екі жасар Маржан мен Айжан тәп-тәтті қылықтарға бай сүп-сүйкімді өскіндер.

Ауылдық округте жылына орта есеппен 47-50 балаға дейін туады. Ал, егіз табу біздің келіншектер үшін жаңалық емес, қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Аллаға шүкір, барлығының дені сау. Алды азамат болса, кішілері - бүлдіршіндер, – дейді ауылдағы тәжірибелі акушер дәрігер Әлия Айберген.

Көп балалы ана Сара Жұбаназарова жүкті кезінде құрсағында егіздің барын да білмеген екен.

Ол тұста ультрадыбыстық тесеру аппараты деген қолданыста жоқ. Құрсағымызға бала бітсе, жынысын туған соң бір-ақ білетінбіз. Егіздерімді босанғанша олардың екеу екенін білгенім жоқ. Алланың бұйыртқаны шығар, ана үшін баланың бөтені, бөлегі болмайды. Кейде нәресте сүйе алмай жүрген келіндер ырым етіп киімдерімізді, тұтынған заттарымызды сұрап жатады. Тіпті, жайып қойған жерінен алып кеткен кездері де болған. «Қазақ ырым етпейді, ырым етсе қырын кетпейді» деп жатады. Ондайда жақсы ниетпен тілек тілейміз, – дейді.

Еділдің сыңары Жайық болса, егіз болудың артықшылығы барын айтады.

– Егіз болу ата-анамыз үшін өсіп-жетілгенше сәл ауырлау болған шығар. Ал, өзіміз үшін артықшылық дер едім. Досты, туысты алыстан іздемейсің. Бір-бірімізді үнемі толықтырып тұрамыз. Студент кезімізде көңілді тапқырлар командасы құрамында жүргенімізде бәрі ұқсас түрімізді қызықтап, қимыл-әрекетімізді бақылайтын. Сыңарың болғанның пайдасы көп. Оның үстіне, Еділ екеуіміз сияқты сырт келбеті қатты ұқсас болса. Көшеде кейбір таныстарымызды аңғармай кетіп жатсақ, тапсырылған тапсырманы орындамай тұтылып жатсақ, бір-бірімізді айтып құтылған кездер талай болған. Бірақ, үйге келген соң мән-жайды айтып, күліп аламыз. Ұқсастығымыздың пайдасын көп көрдік. Топта біріміздің орнымызға екіншіміз сабаққа баратынбыз. Көп адам, тіпті, туыстарымыздың өзі әлі күнге дейін атымызды шатастырып жатады, – дейді.

 

Жалпы, егіздердің ұқсастықтары мен айырмасы қандай қоғамда да жоғары қызығушылыққа ие болған. Олардың дені көп балалы отбасынан шығады. Статистикалық деректерді негізге алсақ, Қызылорда облысы еліміз бойынша егіздерді өмірге әкелуден ең алдыңғы қатарда тұрған өңір саналады. Ал, оған шалғайдағы шағын ауылдың қосқан үлесі зор. Қазіргі таңда заманауи мүмкіндіктер арқылы үшем, төртем, егіздерді бір сәтте табу мүмкіндігі жолға қойылған. Алайда, табиғи жолмен бір сәтте қос бірдей перзентке жарық сыйлау үлкен ерлік дер едік.

0 пікір
Мұрағат