Дерек пен дәйек: Құрбандыққа бала ұрлаушылар бар ма?
Дерек пен дәйек: Құрбандыққа бала ұрлаушылар бар ма?
10 жыл бұрын 5494 E-ISLAM

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратушылар көбейіп кетті. Қасиетті құрбан айт жақындаған уақытта тағы да «Фейсбук», «ВКонтакте» желілерінде «Балаларды құрбан шалу мақсатында ұрлайтын секта пайда болды» деген мәтіні бар ескерту қаптап кетті. Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбестен,  бір ғана «Фейсбуктың» өзінде оны 100-ге жуық адам бөлісіп, таратқан.

Ал, ондағы пікірлердің басым бөлігі, ақпаратқа иланып, түрлі эмоциялық сезімдерін білдірген. «Алла жазасын берсін!», «Билік қайда қарап отыр?», «ҰҚК-нің есеп беретін кезі келді» сынды пікір білдіргендердің арасында жасы да, кәрісі де кездеседі.

Жалпы, мұндай теріс ақпараттың басты  мақсаты – халықты үркіту. Сондықтан, «вирустық» хабарламаларды  таратушылардың саны да, сәйкесінше  көп болады.

Аталмыш ақпараттың ақ-қарасын білмекке Ақмола облысы әкімдігіне хабарласқан едік.  Жергілікті билік  әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.  Нақтырақ айтқанда, облыс әкімдігі хабарламасында  «2015  жылдың 13 қыркүйегінде «Facebook» және «ВКонтакте» әлеуметтік желілерде құрбан шалу мақсатында Ақмола облысының аумағында жасөспірім балаларды ұрлауды ұйымдастыратын секта пайда болғандығы туралы материал жарияланған болатын.  Ақмола облысының Дін істері басқармасы бұл ақпараттың жалған екенін және шындыққа жанаспайтындығын  ресми мәлімдейді» делінген.

Жалпы, елімізде жалған ақпарат таратушыларға қатысты жаза тағайындалып,  жауапкершілік күшейтілгені белгілі. Соған қарамастан, ақпараттың ақиқатына үңілмей,  дүрмекке еретіндердің азаймай отырғаны жасырын емес. Осы ретте әлеуметтік желі қолданушылары назарына қандай да бір ақпараттың жарияламас алдын деректің дәйектілігіне ден қойғаны жөн болатынын ескерте кеткіміз келеді. Бүлікке емес, бірлікке бастамашы болайық.

0 пікір
Мұрағат